Түркістанда балалары мен әйелді ұрып соққан тонаушылар құрықталды


7 күдікті қолға түсті. Олардың бірі 1961 жылы туған Қызылорда облысының тұрғыны. Ол шабуылды ұйымдастырған.  Қалғандарының жасы кішірек (1981, 1997, 1998, 1995 және 1994 жылы туғандар), олар Түркістан тұрғындары.

Кешке таман 47 жастағы әйелдің үйіне бетперде мен қолғап киген белгісіз 4 адам шабуыл жасаған. Олардың қолдарында пистолет, шолақ мылтық, пышақ және темір шыбық болған.   Қаруланған адамдар үй иесі мен оның 1991, 1997 және 2005 жылдары туған балаларын қорқытып, кейін ұрып-соғып, қолдарын скотчпен байлаған.   Үлкен қыздың мойнына пышақ апарған қылмыскерлер ақша мен алтын талап еткен. Әйел адам құнды заттарының қайда екенін көрсеткен.  Осылайша сезіктілер  12,5 млн. теңге көлеміндегі ақша мен алтынды қолды еткен.  Айғақты дәлелдер ретінде күдіктілерден көлік, 2 млн теңгеден астам ақша мен ұрланған алтынның бір бөлігі тәркіленді.  Аталған факті бойынша ҚР ҚК 179 бабы «Тонау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.