Түркістанда Бүкіләлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайы хатшылығының 2-отырысы өтуде

Отырысты ашқан парламент сенатының спикері - құрылтай хатшылығының жетекші Нұртай Әбіқаев бұл мақсатта Түркістан қаласының бекер таңдап алынбағанын, "ол түркі тектес халықтардың қасиетті орындарының бірі" екенін атап өтті. Н.Әбіқаев "осындай жерге лайықты төтенше рух хатшылықтың жұмысына оңды ықпал етеді" дегенге сенім білдірді.

Отырыстың күн тәртібінде негізгі үш түрлі мәселе қаралады. Атап айтсақ, оған қатысушылар Бүкіләлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 2-құрылтайын өткізу тұжырымдамасын анықтайды. Құрылтай 2006-жылдың 12-14-қыркүйегінде Астанада өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, отырыста құрылтай құжаттары мен пікірталастар өткізу принциптері қаралып, құрылтайдың басты тақырыбы дәйектеледі. Н.Әбіқаев алдағы құрылтай үшін мынадай үш түрлі тақырып ұсынды: "Дін және халықаралық қауіпсіздік", "Дін, мемлекет және қоғам" және "Дін және кедейлік".
Бүкіләлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 2-құрылтайының тұжырымдамасы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында сьездің БҰҰ, ЮНЕСКО, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдармен ықпалдастық жолдарын айқындап беруі тиіс. Сондай-ақ, өркениеттер арасындағы диалогты дамыту мәселелерін кең көлемде талқылау үшін құрылтайға ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлерін қатыстыру көзделген. Бұған қоса сьезге қатысушылардың әлемдік қоғамдастыққа арнаған бірлескен мәлімдемесін және өзара араздасқан мемлекеттер мен ұйым басшыларын ымыраластыруға бағытталған арнаулы резолюция қабылдау жоспарланған. Оларда діни экстремизмнің бас көтеруіне түрткі болатын әлеуметтік әділетсіздік, кедейлік және түрлі ауру-індеттермен түбегейлі күрес шараларын қолдануға үндеу жарияланады. Ұсынылған тұжырымдамада сондай-ақ бейбітшілік пен келісім Үйінің ашылу рәсімін өткізу, түрлі конфессия өкілдерінің бірлескен дұға оқу шарасын ұйымдастыру көзделген.
Отырысқа қатысушы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев: "саяси реттеу тәсілдерінің балы жүрмейтін жерде өзара татуластықтың жалғыз құралы -Жаратушының сөзі болмақ. Аузы дуалы әлемдік діндер мен конфессиялар лаңкестік пен экстремизмнің таралуына түрткі болатын әлеуметтік және мәдени себептерді жою үшін тізе қосып күресуге тиіс", деп атап көрсетті.