Түркістанда еліміздегі жалғыз мақта өңдеу зауыты іске қосылды

Сейсенбіде мұнда шикізат түріндегі мақтаны тоқылмаған мақта матасы, өңделген мақта мен тазалық және косметикалық өнімдер шығаратын "Фараб" атты зауыттың салтанатты ашылу рәсімі болды.

Мақта өңдейтін "Фараб" зауыты 1995-жылы салынған. Алайда түрлі себептерге байланысты онда күні бүгінге дейін өнім шығарылмай келді. Артынан зауытты Алматының "Дала груп" компаниясы сатып алған. Бұл компания кәсіпорынды қайтадан жаңғыртып, өнім шығара бастады.
"Қазір біз айына 40 тоннаға дейін тоқылмаған мата мен 6 тоннадай косметикалық мақсаттағы мақта орамаларын шығара аламыз. Алдағы уақытта мақта таяқшаларын, стерильді мақта мен стоматологиялық валиктер өндіру ойда бар",- деді зауыт директоры Марат Молдыманов.
Кәсіпорын жылына 8300 тонна шикі мақта өңдеуді көздеп отыр.