Кэчиөрен ауданының мэрі Мұстафа Ақ пен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейнов, Түркияның қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты, деп жазады khabar.kz.
Жиылған жұртшылық шара аясында арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалап, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық өнерін жақыннан тануына кең мүмкіндік алды.
Түрік елінің бас шаһары Анкараның келбеті «Қазақстан күндері» мәдени шарасымен сәнденіп, көз тоймастай ажарланды. Түнгі қала қазақ әуенімен тербелді. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада Алматы облысының өнерпаздары Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейлі мерекесіне арнап, концерттік бағдарлама қойды. Әсіресе Анкараның талғампаз өнерсүйер қауымы жетісулық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің халық әндерінен тұратын топтамасы мен классикалық шығармаларына ерекше қошемет білдірді.
Сондай-ақ мерекелік шара аясында Кечиөрен ауданының орталық алаңына киіз үй тігілді. Онда қолөнер бұйымдары мен қазақ халқының ұлттық киім үлгілері ел-жұрттың назарына ұсынылды. Көрмеде елшіліктің түрік тіліне аударған қазақтың ақын-жазушыларының еңбектері мен Елбасының кітаптары да қойылды.
Жиылған көпшілік қазақ-түрік ынтымақтастығы үшін осындай мәдени шаралардың маңыздылығы жоғары екендігін атап өтті. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов анкаралықтарды Жетісу өңірінің сұлу табиғатын тамашалап, туристік жерлерді шарлап қайтуға шақырды.