Түркия Әзербайжан мен Қазақстан арасында оптикалық-талшықты байланыс желісін тартудан мүдделі

Бүгін Әзербайжанға Түркия көлік және байланыс министрінің кеңесшісі бастаған түрік өкілдері келмекші.

Әзербайжанның байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Әли Аббасовтың журналистерге хабарлағанындай, өкілдер Бакуде өтетін келіссөздер барысында Әзербайжан мен Қазақстан арасында Каспий теңізінің түбі арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту мәселелерән талқылайды.

"Бүгінде Қазақстан да, Әзербайжан да осынау байланыс желісін тартуға қажетті барлық түйткілдерді шешті деп санайды. Меніңше, келіссөздерді тың арнаға бұрған жөн",- деді Ә.Аббасов. "Түркия жағы бұл мәселенің жедел шешілуін қалайды. Осы жайлы Түркия көлік және байланыс министрінің кеңесшісі мен "Turktelekom" бас директоры орынбасарының осы жолғы Баку сапары барысында талқыламақ ниетте",- деді ол.

Министрдің айтуынша, Каспий теңізінің түбі арқылы Сиазань (Бакуден солтүстікке қарай 120 шақырымда) мен Ақтау арасында байланыс желісін тарту құны шамамен 7-10 млн долларға тең.

Каспий арқылы 400 шақырымға созылатын жаңа желі Азия мен Еуропа елдері арқылы өтетін Трансазиялық -Еуропалық талшықты-оптикалық байланыс желісінің бір тармағы болмақ. Трансазиялық -Еуропалық талшықты-оптикалық байланыс желісі Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Иран, Түркия, Украина, Польша, Әзербайжан, Грузия, Армения, Беларусь, Румыния, Венгрия, Австрия, Пәкістан, Ауғанстан елдерін қамтып, Германияның Майндағы Франкфурт қаласында аяқталады.

Қазақстан жағының пікірінше, бұл желіні тарту елімізге Закавказье мен Түркия, сондай-ақ, Батыс және Шығыс Еуропа арқылы Еуропаның телекоммуникациялық нарығына шығуға мүмкіндік береді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті