Түркияда Гюленмен байланысы бар делінген 24 теле-радиостанция жабылды

Гюленді қолдаушыларға қарсы кампанияда 34 журналист пресс-карттарынан айырылды, білім министрлігінің 15 мың қызметкері, университеттің мың жарымнан астам деканы, діни басқарманың 490 жұмысшысы, премьер-министр аппаратының 257 және барлау қызметінің 100 қызметкері жұмыстарынан шығарылды.

Соңғы күндері 35 мың армия офицері, полиция, сот және мемлекеттік қызмет өкілдерінің біразы ұсталып, қалғандары қызметтерінен шеттетілді. Олардың бәрі мемлекетке қарсы қастандық әрекетіне қатысы бар деп айыпталады.

Сейсенбі күні Түркия билігі АҚШ-та тұратын Гюленді кері қайтарып, қамауға алуды талап етті. Түрік премьер-министрі Бинали Йылдырым АҚШ билігіне электронды жүйемен ол туралы толық мәлімет жібергенін мәлімдеді. Гюлен болса, өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарады, тіптен егер АҚШ соты оны кері қайтаруға шешім шығарса, оған да дайын екенін жеткізді. Мұның алдында Вашингтон Анкарадан Гюленнің төңкеріс әрекетіне қатысы бары дәлелденетін жан-жақты әрі нақты дәйектер ұсынуын өтінген.

Түркияның батыстағы әріптестері, сонымен бірге БҰҰ Анкара билігінен заң аясында жұмыс істеуге шақырып, 2004 жылы енгізілген өлім жазасына мораторийді алып тастау мүмкіндігіне алаңдаушылықтарын білдірді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өлім жазасы тек мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушыларға ғана қатысты болуы мүмкін деді.