Қырғызстан азаматшасы Айдана өз-өзін асырап, пәтер мен көлікке ақша тауып, әке-шешесіне де көмектесу үшін құрбысымен бірге Түркияға кеткен. Оған Бішкекте олай жасау мүмкін емес боп көрініпті. Ал құрбысының әпкесі Анталияда жұмыс істеп, жалақы алады екен. Бұларды сол жұмысқа орналастырамын деген, деп жазады Sputnik Қырғызстан.
"Барған соң клубта жұмыс істейтін туысымыз бізді сонда жұмысқа тұрғызып, не істейтінімізді түсіндірді. Бірақ сол іспен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Консумациямен айналыстық, яғни клубқа келушілерді қымбат ішімдік ішуі үшін алдап-арбаймыз. Осыдан түскен ақшадан тәп-тәуір үлес алдық. Шәйпұлдары да жақсы еді. Егер қонақтар сексті қаласа, оны да тауып береміз. Ол үшін бөлек ақы төленеді" дейді бойжеткен.
Сосын Айданаға клубтағы жұмысын тастап, сексуалдық қызмет көрсетуді ұсыныпты. Ақшаны көбірек төлейміз деген.
"Бір аптадан кейін мені зорлап тастады. Жұмыс берушілер 50 долларды берді де, осымен есеп айырыстық деді. Полицияға шағым жазғаннан түк те шықпас еді. Былайша айтқанда, мені сатып алды ғой. Сондықтан маған ойына келгенін істей алады. Осыдан кейін қашып кеткім келді. Бірақ қожайындар Қырғызстандағы туыстарымды тауып алып, оларға бәрін айтып беретінін жеткізді... Сосын жүкті болып қалдым. Бірақ жасанды түсік жасаттым" дейді қыз.
Айдана әлгіндей қорқытып-үркітулерден кейін жұмысын жалғастыра беруге мәжбүр болған. Ол ақшаны қалай тауып жүргенін жақындары біліп қоя ма деп қорқыпты. Әке-шешесіне әдемі фотосуреттері мен ақша жіберіп отырған. Ал ата-анасы оны мақтан тұтыпты.