Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан отандасымыздың денесін Кахраманмараштан Анталияға және одан әрі Алматыға жеткізуге, сондай-ақ қажетті құжаттарды ресімдеуге барынша жәрдем көрсетті. Бүгін мәйіт Талдықорған қаласына жеткізілді» деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.
Тасымалдау бойынша барлық шығынды мемлекет өз мойнына алды.
Сонымен қатар, Pegasus түрік авиакомпаниясымен қаза тапқан ҚР азаматының бірге келген туыстарына 90 пайыздық жеңілдік беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Кахраманмарашта тағы бір қазақстандық
іздестіріліп жатқанын хабарлаған еді.
«Ол осы жылдың 6 ақпанынан бері байланысқа шықпады, тұратын жері - Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің «жедел желісіне» хабарласқаннан кейін оны іздеу жұмыстарын бастадық. Қазіргі уақытта Қазақстан Елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп оны іздестіруде. Көршілердің айтуынша, үй қираған кезінде оның ішінде болған», - деді Айбек Смадияров.