Түркиядағы қайғылы оқиғадан кейін еліміздегі шахталар тексеріліп жатыр


Кеше Қарағандыда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылары қауіпсіздік стандарттарын қадағалау бойынша кезектен тыс жиналыс өткізді.

Еліміздегі көмір өндіретін ең ірі компания Түркиядағы жарылыстан кейін бірден көшпелі жиналыс өткізді. Мамандарға жер астында жүру қауіпсіздігі бойынша дәрістер оқылып, шахталардағы жарылыс қаупі бар деген жерлер тексерілді.

Компания қауіпсіздік стандартын тексеру бағытындағы мұндай жұмыстарды қазір аптасына кем дегенде бір рет ұйымдастыруда. Қарағанды облысында соңғы жарылыс 2008 жылы Абай шахтасында тіркелген болатын. Содан бері мамандар қауіпсіздік жүйесін қатаң бақылауға алған.

«Түркиядағы трагедиядан кейін Саран шахтасында шұғыл түрде техникалық оқу-жаттығу шараларын өткіземіз. Оған компанияның бас инженерлері қатысады. Жаттығу кезінде қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Абай шахтасындағы жарылыстан кейін қауіпсіздіктің стратегиялық жоспарын құрдық. Шахталарымыз Англияда жасалған аэрогаз тиімді бақылау жүйесімен жабдықталды», - деді көмір компаниясының өкілі Яков Майер.

Сондай-ақ компания өкілдері шахталарды қауіпсіздік жүйесін жабдықтауға 900 миллион долларға жуық қаржы бөлгендерін жеткізді. Әрі жұмысшыларын да кез-келген жағдайға әзір болуға үйретуде. Мәселен, қазір 20 мыңға жуық адамын жер астына түсіріліп, техникалық қауіпсіздік жаттығуларына қатысып жатыр, деп хабарлайды Жетінші арна.