Бұл туристер Түркияға таңертең ұшып барған. Бірақ оларды мұнда ешкім күтпеген сыңайлы. Қонақүйге тапсырыс берілмеген болып шықты. Далада тентіреп қалғанын туристер тек кеш батқанда бір-ақ түсінген.
-Бәрі өз қалталарынан ақша шығарып жатыр
-Ұшағымыз тек тамыздың 3-і ғана қайтады.
- Қайда барарымызды білмей дал болып жатырмыз».
Үрейленген туристер қазір осы тектес СМС-хабарларды жан-жаққа жөнелтіп көмек сұрауда. Айтуларынша, қонақүйге қаржысы жетпегендері әуежайда түнеп жүр екен.
Мәриям Сапинова, турист:
- Үйге тезірек барсақ жақсы болар еді. Өйткені, «Алмаз Тур» не «Трек Тревел» ешкім жауап бермейді. Білмейміз қайда барарымызды. Тезірек осы Астанаға жетсек деп ойлаймыз, енді өз ақшамызды қазір күтіп жатырмыз. Билетті әке-шешіміз алып береді.
Осылайша бас-аяғы 47 турист қазір Түркияда қаңғып жүр. О баста олар Анталияның ең мықты мейманханаларының бірінде тынығуы тиіс болған. Алайда, түріктің «Трек Тревел» компаниясы ақша түспеді деп, туристерді түгел қонақүйден қуып шығыпты. Ал жерлестерімізге жолдама сатқан турагенттік ақыны төленіп қойғанбыз деп ант су ішіп отыр.
Гүлзайым Бейсенәлі, «Almaz Tourizm» ЖШС Бас директорының көмекшісі:
-Ол компаниямен не болып жатқанын білмейміз. Осы бүгін адамдар шығады сөйлесуге. Не болғанын сосын айтамыз.
– Кімдер шығады?
–Бухгалтерлер, біздің атымыздан өкілдер шығады. Сол компаниямен сөйлесеміз Стамбулда. Бір шешімге келеміз деп ойлаймыз.
Бұл қазақстандық туристердің бірінші дүрлігуі емес. Бұған дейін де «Гүлнар Тур» талай туристі Түркияға апарып тентіретіп жіберген еді. Бұл фирманың ісін қазір сот қарауда. Енді құзырлы орындар «Алмаз Туризмнің» де туристерді Түркияға жөнелтуге уақытша тыйым салды. Ал Түркияда тұрып қалған 47 адамның елге қашан қайтары әзірге белгісіз.