Түркиялық ірі өндірушілер Қазақстанда велосипед фабрикасын ашпақ


Бұл туралы Астана қаласында «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастырған Түркиядан келген әлеуетті инвесторлармен өткен ресми кездесуде айтылды, деп хабарлайды ҚР мәдениет және спорт министрлігінен. 

Түркияда велосипед өндіретін «Salcano» және спорттық киім тігетін «Inka Sportif» атты ірі өндірушілер Қазақстанда велосипед фабрикасын ашуды жоспарлауда, сондай-ақ олар «Қазспортинвест» АҚ базасында инновациялық технологияларды пайдалана отырып, спорттық киім мен жабдықтар тігетін фабрика ашуға дайын.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, 20 миллион АҚШ долларына дейін тікелей инвестиция тарта отырып, 2015 жылдың бірінші тоқсанында жоғарыда айтылған инвестициялық жобаларды іске асыруды бастау жөнінде келісімге келді.

Айта кетейік, бұған дейін «Қазспортинвест» АҚ президенті А.Бақыт бастаған қазақстандық делегация Түркияға іссапары барысында Түркия Республикасының спорт индустриясындағы басшылармен және бизнесмендермен бірқатар келіссөздер жүргізген, сонымен қатар Қазақстанда спорт индустриясын дамытуға ірі компаниялар тарту мәселесін тілге тиек еткен еді. Арнабол Бақыт Түркияның жастар ісі және спорт министрлігі Спорт істері комитетінің бас директоры Мехмет Байканмен кездесіп, инвестиция тарту және жаңа спорттық технология мен спорттық әкімшілік саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен спорттық іс-шаралар өткізу жөнінде екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол жеткізді.