Осы және өзге де сұрақтарды Caravan.kz медиа-порталы тілшісі Түркияда білім алып жатқан отандасымыз Күляш Мұратқа қойып көрген еді.
- Кейінгі кездегі қазақ жастарының Түркияда оқуға, өмір сүруге деген қызығушылықтарына не әсер етті?
2019 жылы мен оқуға түскенде қазақ жастарының арасында Түркияға оқуға түсу қарапайым тілмен айтқанда «мода болмаған». Пандемиядан кейін бұл жақта оқу сәнге айналып кетті. Себебі, тек аттестатпен де, ұбт нәтижесімен де оқуға қабылдайтын түрлі деңгейдегі университеттер бар. Оның үстіне оқу мен пәтер ақысы да арзан. Бірақ, бір өкініштісі оқуға түскенімен барлығы соңына дейін шыдамайды. Бұл жақтың білім беру жүйесі басқаша. Біздегідей студент үшін мұғалім жауапты емес, бар жауапкершілік студентте. Сондықтан оқуды аяқтап, диплом алып шығатындар өте аз.
- Түрік жастары бізден несімен ерекшеленеді?
Мен Түркияның батысында орналасқан Мугла қаласында білім алып жатырмын. Мұндағы жастар өте еркін әрі толерантты. Жеке адамның таңдауына құрметпен қарайды. Бізде білім алуға, дамуға қыздар көп көңіл бөлсе, Түркияда жігіттер білім алуға көп ден қояды. Тағы бір ерекшеленетіні түрік жастары «өздері үшін оқиды». «Мен ертең қызыл диплом алуым керек» деп емес, «мен ертең жақсы маман болуым керек» деп білім алады. Бұл жақта да біздегідей жастар арасында жұмыссыздық бар. Сондықтан оқу бітіргеннен кейін түрік жастары жұмыс таңдамай, мамандығына сай келмейтін жерлерде де жұмыс істей береді.
- Түркиядағы қазақ студенттері Рамазан айын қалай өткізуде?
Мен 2022 жылы Рамазан айын Түркияда өткіздім. Сол уақытта университетіміздің ректоры шетелдік студенттер мен түрік студенттеріне өте жоғары дәрежеде ауызашар өткізді. Ауызашардан соң, өзіміздің ұлтымызды, мәдениетімізді таныстырып, Түркияға деген көзқарасымызды айтып, ұлағатты әңгімелер естіп, керемет рухани әрі мәдени кештің куәсі болдым. Тағы бір есте қалғаны аптасына бірнеше рет үлкен алаңдарда депутат, әкім секілді лауазымды тұлғалар қала халқына ауызашар беретін. Солардың ешбірінде халық таласып, бір-бірін асықтырып, шу шығармайтын. Рамазан айының мейірім айы екенін толығымен сезіндім деп айта аламын. Бұл – менің өмірімдегі ең есте қалатын Рамазан айы болды.
- Сіз Түркияға оқуға тапсыратын талапкерлерге құжат дайындау жағынан көмектеседі екенсіз. Жақында болған жер сілкінісі оқуға түскісі келетін отандастарымызға әсер етіп жатыр ма?
Иә, әсер етіп жатыр. Бірақ жер сілкінісі болған аймаққа оқуға түсетін қазақтар өте аз. Себебі, ол жақта күрд, түрік халқы аралас өмір сүретіндіктен мәдениеттері басқаша. Бірақ, талапкерлердің өздері болсын, ата-аналары болсын уайымдаулары заңдылық. Ол кісілерді жақсы түсінемін. Соған байланысты талаптар өзгеріп жатыр. Бұрын ол аймаққа оқуға түсермегенбіз және қазір де ол жаққа оқуға түсірмейміз. Себебі, белгілі бір мамандыққа байланысты рейтингі жоғары университеттер жел сілкінісі болған аймақта орналаспаған.
- Қазір әлеуметтік желіде блогерлер Түркиядағы өмірді тым идеал етіп көрсетіп жатқан жоқ па?
Өкінішке орай, иә. Бірақ инстаграмдағы, тик токтағы өмір сол адамның көрсеткісі келетін өмір екенін адамдар түсіну керек. Мен қанша жерден Түркияны жақсы көрсем де келгісі келетін адамдарға кездесетін қиындықтарды шынайы айтамын. «Түркияда бәрі арзан, бұл жақта өмір керемет, келіңдер, түрік тілін оқыңдар» деп айтатындар бар. Бірақ мен оларға қосылмаймын. Өйткені, әр елдің біз қабылдай алмайтын кемшіліктері болады. ОСол үшін барлық нәрсенің басын ашып, білгеніңше жеткізу керек. Мен ешқашан «Түркиядағы өмір идеальный, ол жақтаға адамдар керемет» деп айтқан емеспін. Керісінше проблемаларды ашық айтып, оны қалай шешуге болатынын айтамын. Блогерлер шынымен де тым идеал етіп көрсетіп кетті. Адамдарға айтарым, керегін ғана алыңыздар. Көрсетіп жатқан өмір үстіртін ғана дүние екенін ұмытпаңыздар. Түркияны тым идеал етіп көрудің керегі жоқ.