Түркияның Измир қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды



Консулдықтың ашылу рәсімі өткен аптаның аяғында өтті. Шараға Измир провинциясының губернаторы Огуз Каган Кёксал, сондай-ақ, жергілікті іскерлер мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Қазақстан мен Түркияның бауырлас халықтары арасындағы қарым-қатынастың табысты дамып келе жатқанын атап өткен Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшісі Аманжол Жанкүлиев екі жақты байланысты дамытуда құрметті консулдық институтының атқаратын ролін жоғары бағалай отырып, құрметті консул деген патентті Ахмет Гуркан Балкан есімді азаматқа табыс етті.
Түркия жағынан сөз алған провинция губернаторы Қазақстан қоғамындағы экономикалық және саяси тұрақтылықты ерекше атап, Қазақстан Республикасының Измирдегі құрметті консулдығы екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың аясын кеңейтуге түрткі болатынына сенім білдірді. Осыған байланысты провинция губернаторы өз атынан консулдықтың іс-қызметіне септігін тигізуге әзірлік танытты.
Түркияның Измир қаласындағы Қазақстанның құрметті консулдығы Маниса, Чанаккале, Денизли, Ушак, Кутахия және Айдын аудандарын қамтиды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті