Түркияның Metro tourism тобы Семейде туристік бизнесті дамытуға инвестиция енгізуге дайын

Г.Өзтүріктің айтуынша, "бірлескен турфирма халықаралық туризм саласында пайдаланылатын қазіргі заманғы технологиялық жүйелермен толық жабдықталатын болады. Біз Түркияда Қазақстандық жиҺанкездерді қабылдаумен бірге осы елге Еуропалық туристерді әкелуге пейілміз",- деді ол.

Өз кезегінде Семей қаласының әкімі дәстүрлі туризмнің орнына бұл саладағы соны бағыттарды дамытуға кеңес берді. "Қазіргі саяхатшылар арасында жабайы туризмнен бастап, аңшылық, табиғи, тарихи және экологиялық туризм модаға айналып барады",- деп пайымдайды Н.Омаров.
Г.Өзтүрік сонымен бірге өзі басқаратын топ басқа салаларға да инвестиция енгізуге әзір екенін мәлімдеді. "Инвестиция енгізуге құлықтарыңыз болса, бірінші кезекте құрылыс, туризм, мәдениет, спорт, автобус және жолаушы тасымалы салаларын дамытуға үлес қосқандарыңыз жөн",- деп кеңес берді әкім.
Metro tourism инвестициялық тобы да негізінен жолаушы тасымалын басты бизнеске айналдырған топ, деді Г.Өзтүрік. "Біз құрған халықаралық желіге 800-дей автобус шығады. Алдағы уақытта олардың жолы Қазақстанға да түсуі әбден ықтимал",- деді топ жетекшісі.
Әзірге екі жақ өкілдері болашақ ынтымақтастықтың бағыт-бағдарын қарастырды. Егер нақты іс-әрекеттер қолға алынып жатса, онда Metro tourism инвестициялық тобына "есік ашық",- деді әкім.
Түркияның Metro tourism инвестициялық тобы еуропалық 27 фирмамен ынтымақтаста жұмыс істейді. Топ негізінен туризм және жолаушы тасымалымен шұғылданады.