Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімшілік кодекстегі өзгерістерге сай тәртіп сақшылары арыз түспестен іс қозғай алады. Сондай-ақ тараптарға бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Әйелін қайта-қайта ұрып-соққандар 25 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Жанжалдың құрбаны болып жатқандар әлі де көп.
Астанадағы тәртіп сақшылары күнде кешке тұрмыстық жанжалды шешуге мәжбүр. Бүгін де қызмет бабымен есік қағып тұр. Кезекті қоңырау Алматы ауданы көшелерінің бірінен түскен.
Шағымданушы әйелдің сөзінше, бірге тұратын азамат ішімдік ішіп алып, оған тап берген. Ал күдікті дереу жеткен полицияны үйге кіргізуге асықпады. Жәбірленушіні бұған дейін де ұрып-соққан. Шыдамы таусылған соң, әйел полицияға арыз беруге бел буады. Енді ер адамның қаншалықты мас екенін айқындау керек. Күдіктіні жауапқа тарту-тартпау жайы іс сотқа жолданғаннан кейін ғана белгілі болады. Айтпақшы, шілденің басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы күшейді. Әкімшілік кодекстегі өзгерістерге сай полиция арызды күтпестен істі тергей алады.
Нұржан Сәрсенбаев, Астана қаласы Алматы ауданы жергілікті полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі:
- 1 шілдеден бастап 300-ден әкімшілік жауапкершілікке тартылды аудан бойынша. Көп жағдайларда бұрынғы кезде арыз түспеген жағдайда біз шара қолдана алмайтынбыз. Қазіргі таңда бізге хабарлама тсүкен жағдайда оқиға орнына жетіп барып, факт дәлелденген жағдайда біз әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.
Елде шілде бойы тұрмыстық жанжалға қатысты 10 мың шағым түскен. Оның 92% айыптылар жауапқа тартылды. 5-10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғандар да бар. Әйеліне қайта қол көтергендер 25 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Жалпы мамандар жанжал салдарымен күресуден бұрын алдын алуға мән беру керек дейді.
Роза Бекешева, қоғамдық қор директоры:
- Біз өз тарапымыздан заңгерлік кеңес береміз. Бұл отбасы үшін өте қажет. Сондай-ақ психологиялық жәрдем көрсетіледі. Жанұялар кейде өздері келеді, кей кездері полиция арқылы жүгінеді. Біз олармен меморандумға отырдық.
Өкінішке қарай, елде қоғамдық ұйымдармен байланыс орнату мәдениеті қалыптаспаған. Отбасы мүшелері сырын ашып, көмек сұраудан тартынады. Бір айда 35 адам ғана псхологиялық тренингтен өтуге келісім берген. Қалай дегенмен де Әкімшілік кодекстегі өзгерістер оң нәтижесін беріп жатыр. Соңғы уақытта тұрмыстық зорлықтан қаза тапқандар саны 1,5%ке азайған.