Тұтқындардың қашуына байланысты қызмет бабындағы тексеру қорытындысы бойынша 20 тәртіп сақшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Осы орайда еске сала кетейік, 11-қарашаға қараған түні төрт тұтқын абақтының терезесіндегі торды кесіп жіберіп қашып кеткен болатын. Олардың бәрі де екі тәуліктің ішінде ұсталды.

Қашу дерегі бойынша ҚР ІІМ ішкі қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері мен министрліктің мамандар жөніндегі аппараты қызмет бабындағы тексеру жүргізді.

"Тексеру барысында арнаулы мекеменің жұмысын ұйымдастырудағы көптеген кемшіліктер мен полиция қызметкерлері тарапынан жұмысқа қылмыстық немқұрайды қарау деректері анықталды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Тексеру қорытындысы бойынша Рудный қалалық ІІБ-нің бастығы, полиция полковнигі Бейбіт Нәлеков қызметінен босатылды. Сонымен бірге "осы саладағы жұмыстарды тікелей жауаптанатын Қостанай облыстық ІІД-нің жетекшілері жауапкершілікке тартылды".

Қостанай облыстық ІІД-нің мамандар және тәрбие істері жөніндегі басқармасының бастығы Бейсенбек Сандыбековтың айтуынша, арнаулы мекеменің қызметкерлері таяу уақыттарда аттестациялаудан өтеді. Мамандарға қатысты мәселе соның қорытындысы бойынша қабылданбақ.

Бұған қоса жуырда қалалық ІІБ-ның бастығы жаңадан тағайындалады. "Әзірге Рудный қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы міндетін полиция полковнигі Геннадий Башков атқаруда. Ол қылмыстық полиция басақармасында істеген. Және Рудный қалалық ішкі істер бөлімінің бастығының орынбасары болған",- деп хабарлады Б.Сандыбеков.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті