Тыл еңбеккерлеріне мемлекеттік жәрдемақы тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілді

2005-жылдың 24-мамырындағы қаулыға сәйкес, арнайы комиссиялар өтініш иесімен бірге жұмыс істеген және аталмыш кезеңдегі соғыс жылдарындағы жұмысы туралы құжаттары бар бір ғана куәгердің жауабының негізінде адамдардың соғыс жылдарындағы жұмыс өтілін белгілеу құқығына ие болды. Егер өтініш иесінің қолында соғыс жалдарындаы жұмысы туралы құжаттары сақталғанымен, бірге жұмыс істегенін растайтын куәгерлері болмаған жағдайда комиссия оның жұмыс өтілін Ардагерлер кеңесінің өтініші негізінде белгілей алады. Бұл өтінішке қосымша мұрағат мекемелерінің анықтамасы мен ұйымдарда мұрғаттың жоқтығы туралы анықтамасы болуға тиіс.

Сонымен бірге комиссияға куәгерлерді жауапқа тікелей шақыру немесе нотариус қолын бекіткен жағдайда жазбаша жауабымен шектелу жөнінде дербес шешім қабылдау құқығы берілген.
Сонымен қатар мемлекеттік жәрдемақы белгілеуге негіз болатын құжаттардың тізіміне фабрика немесе зауыттың жанындағы орта білім ошақтарында оқығанын дәлелдейтін құжаттар да енгізілген. Өйткені, ондағылар тікелей жұмыс орнында оқып, осы мерзімде белгіленген көлемде жалақы алды.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы билік органдарының жұмыспен қамту шаралары мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментіне бұған дейін арнаулы комиссия тарапынан азаматтардың соғыс жылдарындағы жұмыс өтілін анықтау үшін кері шешім қабылданған іс материалдарын қайтадан қарауға тапсырма берді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, соңғы жылдары елімізде тыл еңбеккерлері үшін соғыс жылдарындағы еңбегін дәлелдеу үшін анықтамалар жинау мен куәгерлерді іздестіруде қиындықтар туындап келді. Осыған байланысты бір топ депутаттар "Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" заңға енгізілетін түзетулер жобасын әзірлеген. Оны 2005-жылдың сәуір айының аяғында парламент жұмысқа қабылдады.