"Түнгі 12-де мейрамханадан шығарып жіберетін әдет пайда болды": Димаш Құдайбергеннің анасы қыз ұзату тойы туралы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Instаgram желісінде жариялаған жазбасында қыз баланы күндіз ұзатудың мәнін түсіндірді.

"Қазақ қыз баланы түс ауғанша ұзатқан. Оның өзіндік терең мағынасы бар. Соңғы жылдары түнгі 12-де мейрамханадан шығарып жіберетін әдет пайда болды, мүмкін уақытты үнемдеудің шарасы болар.

Біздің өңірде той өткен соң ертеңіне арнайы қой сойып, қыз бен күйеуге, құдаларға қонақасы беріледі. "Қыз - қонақ " деген сөз осы дәстүрге қатысты да айтылған болуы керек. Әкесінің босағасынан алғаш рет қонақ ретінде арнайы қонақасын жеп, өз жұртына аттанады. Маңдайы ашық болсын деп, таң нұрына, күн сәулесіне бөленіп, ел-жұртының батасын алып, өз босағасынан шығады. Жеңгелері құдалардың көрімдігін алып, қыз жасауын көшке тиейді. "Құда тартар " салтын жасап, әзіл - қалжыңмен, ақ батамен, сән - салтанатымен қызды шығарып салады. Міне, біз де Раушантайды ата-баба салған жолмен, сол дәстүрден ауытқымай ұзаттық. Сол керемет сәтті еске түсірген әдемі сурет", - деп жазды ол.

Желі қолданушылары өнер иесінің бұл пікірін бірауыздан қолдаған. Ал Димаштың шетелдік тыңдармандары қазақ халқының салт-дәстүрін жақынырақ білгеніне қуанышты екендерін жазуда.

"Торғай жеріне қыз жолдас болып барғанымда тойдан кейін қыздың үйіне барып қонғанымызда таң қалған едім. Құдаларға тамағын беріп, таңмен туған шаңырағынан ұзатқан. Өзім түнгі 12 де мейрамханадан кеттім", Бұл шынымен де әдемі естелік болды. Біз Қазақстанның барлық дәстүрлерін көріп, білгенімізге қатты қуандық. Перудан жылы сәлем", "Америкадан сәлем, Димаш арқылы қазақ халқымен танысқанымызға қуаныштымыз. Бізге осыншама ақпарат беріп жатқан Света, сізге көп рақмет", "Қытай Қазақтары әлі күнге шейін қызды , ұзату тойдан кейін үйіне 1-2 күн ерулетіп, туған-туысқанымен жақсылап қоштастырып (әр үйге қонақ болып), өз үйінен сыңсу айтқызып шығарады. Жасау-жабдығын бірге ала барады", - деп жазды олар.