Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform .kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шығыстағылар күн мен түннен жаңылғанын айтуда
Жалпы, Қазақстан аумағы бір емес, төрт түрлі уақыт белдеуінің бойында жатқанын жақсы білеміз – UTC+3, UTC+4, UTC+5 және UTC+6. Бірақ алғашқысы мен соңғысы үлкен аумақты алып жатқан жоқ, сондықтан екі қиыр үшін оларды қарастыру қажет емесі әуелден белгілі. Осылайша биылдан бастап мамандар табиғи уақытқа жақын деген өлшеммен ел аумағына UTC+5 белдеуін енгізуді мақұлдаған болатын. Алайда көп ұзамай өзгеріс сынға ұшырады.
Елдің шығыс қиырындағылар түнгі 2:00 шамасында көкжиек ағарып, таң қыла бере бастайтынын алға тартуда. Мұндай бейнежазбалар оқырмандарға әлеуметтік желі арқылы тарағанына күмән жоқ. Сондай-ақ уақыты өзгерген өзге өңірлердегі тұрғындар да таңның бұрынғыдан ертелеу ататынын, соның әсерінен ұйқы режимі бұзылғанын айтып шағымданып жүр. Дегенмен бір нәрсені ескерген жөн, шағымданушылардың арасында уақыт белдеуінің өзгеруі дұрыс еместігіне қатысты нақты дәлелдер ұсынған мамандар көрінбейді. Яғни, тұрғындар жаңа уақыт белдеуіне өтудің алғашқы кезеңін жатсынып тұрғандай сипат алуда.
https://www.tiktok.com/embed/v2/7376051268403367174?lang=ru&referrer=https%3A%2F%2Fkaz.inform.kz%2Fnews%2Ftung-2-de-tan-atadi-uakit-beldeu-kayta-ozgere-me-49fea2%2F
Орта есеппен 8 жыл сайын уақыт өзгерген
Кейінгі 100 жылдың ішінде Қазақстанның уақыт белдеуі 12 мәрте ауысқан. Биылғы өзгеріс Тәуелсіздік жылдарынан бергі алғашқысы. Бірақ алдыңғылардың ешбірі табиғи уақытқа сәйкес келмегені айтылады. Алдымен осы жолғы өзгеріс қалай бастау алғанын айта кетейік. Географиялық тұрғыдан 4 уақыт белдеуінде орналасқанына қарамастан, Қазақстанды бір уақыт белдеуіне көшіру идеясын Алматыдағы Фесенков атындағы Астрофизикалық институт ұсынған. Бұл бастаманы Үкімет қызу қолдады. Оны ілгерілетуге жауапты Сауда және интеграция министрлігі мұның банк секторына пайдалы екенін, барлық өңірде банк төлемдері бір уақытта болатынын алға тартты.
Әу бастан-ақ бұл қадамға бірқатар өңірдің тұрғындары, әсіресе шығысқазақстандықтар наразы болған. Себебі жаңа уақытқа көшкен соң бұл аймақта таң жазда сағат 03:15-те атып, күн қыста түскі сағат 15:20-да бататыны айтылды.
Бірақ В. Фесенков атындағы Астрофизикалық институт ШҚО тұрғындары бұған бой үйрететінін, тым ерте ататын таңды Петербордағы сияқты «ақ түн» деп қабылдауға болатынын мәлімдеді.
«ШҚО екі түрлі сағаттық белдеудің шекарасында орналасқан. Өскеменде UTC +5 бойынша түс мезгілі енді сағат 11:30-да болады. Сондықтан қала осы уақыт белдеуіне сәйкес келеді. Ал күннің ерте батуы мен таңның атуына келсек, бұл географиялық ендікке байланысты. Күннің ұзақтығы оңтүстікте, не болмаса солтүстікте тұрғанымызға байланысты. Оңтүстікте жаздағы және қыстағы күн ұзақтығының айырмашылығы шамалы. Ал солтүстікте едәуір көп. Тіпті, ақ түндер болады. Мысалы, мұндай құбылыс ШҚО-да 22 маусымда байқалады», – деп жауап берген институт өкілдері.
Табиғи уақыттан ауытқып келдік
Сонымен, Қазақстан табиғи уақытын таба алды ма? Біз байланысқан Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев еліміз үшін ең тиімді уақыт белдеуі UTC+5 екенін, оның табиғи уақытымызға сәйкес келетінін алға тартып отыр.
– Бұл мәселеде қателеспеу үшін уақыт өлшемі аспектілерін білу керек. Біріншісі, күн уақыты. Ол күннің дәл төбеде тұруы түскі сағат 12:00-ге сәйкес келуімен есептеледі. Шығыс Қазақстанның шығыс жағынан бастап Түркістан, Қарағанды, Ақмола облыстарының батыс жағына дейін 67°30 және 82°30 меридианының арасы бір сағаттық белдеуге жатады. Шығыс Қазақстанның Қытайға жақын бөлігі UTC+6 уақыт белдеуіне еніп жатқанымен, дәл осындай жағдай елдің батыс бөлігінде де бар, яғни, оларда UTC+4 белдеуіне енетін жерлер бар. Бірақ біз бір облысты екі түрлі уақыт белдеуіне бөле алмаймыз.
Маманның айтуынша, Қазақстан Кеңес одағының құрамында болған 1956 жылы бүкіл уақытты біріктіру басталды. UTC+3 пен UTC+4-ті біріктіріп, UTC+4-ке жатқызды, ал UTC+5 пен UTC+6-ны біріктіріп, UTC+5 уақыт белдеуіне шығарды. Оған тағы 1 сағат қосылып, UTC+5 және UTC+6 уақыт белдеуі қылып қолдандық. Бұл тұрғыда 1981-2005 жыл аралығында қолданған жазғы уақыт өлшемін пайдалану мүлде мүмкін емес жағдай еді. Жазғы өлшемде жоғарыда айтқанымыздай, жазда бір сағат алға жылжытып, күзде қайтадан кері қайтарады. Ал біз болсақ, керісінше, қоса бердік. Батыс өңірлер 2 емес, 3 сағат алға жылжып кетті. Жазда күн 23:00-ге дейін батпайтын кезеңдер болған. Ақыры бұдан бас тарттық. Жазда 1 сағат алға жылжыту «энергия үнемдеу үшін» дейді, шындығында ғылымда адам бойында сол арқылы энергия үнемделетіні дәлелденбеген. Керісінше, декреттік, жазғы уақыттарды қолдану адам бойына зиян екені қаншама рет дәлелденіп шығыпты. «Адам бойында агрессия, психологиялық ауытқу, небір бұзылыстар болатынын біле тұра, біз сол уақыт белдеулерін қолдана беруіміз керек пе?» деген сауал тастады ол.
– 2017 жылы циркадалық ритмдер механизмдерінің адам ағзасына қалай әсер ететіні анықталып, ғылым ретінде мойындалды. Бұдан халық, тіпті, медицина мамандары хабарсыз екеніне көз жетті. Алайда хабарсыз екен деп жаңа ғылым тәжірибесін алмауымыз керек пе? 2014 жылы Ресей декреттік уақыт белдеуінен ресми бас тартты. Онкологтардың өзі оның зиян екені жайлы дәлелдемелер ұсынды. Бұл мәселеде ғалымдардың көзқарасын шетке ысырмауымыз қажет. Жазда күннің ұзақ, қыста қысқа болатыны – табиғи заңдылық. Алайда күн ерте шығады, түн кеш батады деген секілді сылтаулар айтып, табиғи уақыт белдеуінен бас тартуымыз жөнді шешім емес. Уақытты реттемеу катастрофалық салдарға соқтырады. Біз керісінше биылдан бастап өз табиғи уақыт белдеуімізге оралдық, – деп түйіндеді Б.Нұрқожаев.
Циркадалық ырғақ – тірі организмнің ритмі
Көпшілікке түсінікті болу үшін біз жоғарыда айтылған циркадалық ритмге кеңірек тоқталуды жөн санадық. Циркадалық ырғақтар фондық режимде жұмыс істейді, негізгі функцияларды қолдайтын адам ағзасындағы 24 сағаттық циклдер жинағы десек болады Бұл планетадағы тірі организмдермен бірге жүретін биоритм түрі. Олардың кейбіреулері Ай фазаларына, кейбіреулері белгілі бір организмнің ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін.
Тіршілікті қолдайтын маңызды биоритмдердің бірі – жүрек ырғағы. Бұл процестердің ең айқын мысалы ретінде ұйқы мен ояу жүру циклін аламыз. Бірақ бұл біз орындайтын жалғыз цикл емес. Іс жүзінде ішкі органдардың барлық жұмысы белгілі бір циклдарға бағынады. Бұған гормондардың бөлінуі, тәулік ішінде дене температурасының өзгеруі, ас қорыту жүйесінің жеделдету мен баяулауы кіреді. Ғылымда циркадалық ырғақтар туралы ХХ ғасырда ғана айтыла бастады. Бұл кезде Сеймур Бензер мен Рональд Конопка тірі организмнің белгілі бір генінің бұзылуы осы биологиялық сағатты бұзуы мүмкін екенін анықтаған. Бұның уақыт белдеуіне тікелей қатысы бар.
1984 жылдан бастап ғалымдар Джеффри Холл, Майкл Росбаш және Майкл Янг тәуліктік ырғақтар жұмыс істейтін процестерді зерттеумен айналысты. Нәтижесінде олар тағы екі генді – Timeless және Doubletime-ды тапты. Ғылымда осындай жаңалық ашқаны үшін оларға 2017 жылы Нобель сыйлығы берілді.
Зерттеушілер ағзадағы барлық процесс жарық пен қараңғының ауысуына байланысты екенін дәлелдеген. Таңертең және түстен кейін бізге белсенді болу оңай, ал кешке ұйқы басады, адамның көруі нашарлап, реакция баяулайды, тағамды қорыту қиындай түседі. Мұның бәрі әдеттер ғана емес, ұйқы режиміне ғана емес, сонымен қатар көптеген басқа процеске әсер ететін циркадалық ырғақтарға байланысты. Бұл циклге күндізгі жарық әсер етеді, миды ояту үшін қажетті гормондарды шығаруға сигнал береді. Кешке, күн батқан кезде адам денесі мелатонин гормонын бөледі, бұл – ұйқы гормоны, ол ұйықтауға және түнгі демалу кезінде қалыпқа келуге көмектеседі. Диетологтар түнде аз қозғалатындықтан емес, аштық сезімі мен ас қорытуға жауап беретін ферменттер мен заттардың өндірісі циркадалық ырғаққа байланысты болғандықтан, кешке тамақтанбау керегін айтады. Қарапайым тілмен айтқанда, күндіз бауыр мен ұйқы безі глюкозаны реттейтін және май мен көмірсулар алмасуына әсер ететін заттарды синтездейді. Ал түнде процесс тежеледі. Міне, адам ағзасы өзі өмір сүретін жердегі табиғи уақыт белдеуімен астасып жататыны дәлелденген факт.