9-11 қыркүйек аралығында Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) құрған Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Кездесу қорытындысы бойынша 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиінің жобасы келісілген. Алфавиттің әр әрпі түркі тілдеріндегі әртүрлі фонемаларға негізделген. 34 әріптік тізімнен әрбір ел өз қажеттіліктерін алып, 5 әріпке дейін толықтыра алады. Ғалымдардың пікірінше, ол басқа туыстас жұрт арасында бір-бірін оқуға кедергі келтірмейді.
"Ұсынылған әліпбидегі әр әріп түркі тілдерінде кездесетін әртүрлі фонемаларды білдіреді", - делінген ресми мәлімдемеде.
Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) — Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіретін халықаралық ұйым. Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы ретінде қатысады. Ұйым түркітілдес елдердің саясат, экономика, ғылым, білім, көлік және туризм салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту мақсатында құрылған.
Айта кетейік, қабылданған әліпби нұсқасы әлі таныстырылмады. Академия өкілдері әліпби кейінірек таныстырлатынын мәлімдеді.