Бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
"Соңғы жылдары Түркия капиталының қатысуымен, құны 400 млн долларлық оннан астам инвестициялық жобаны іске асырдық. Олар — негізінен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және кондитерлік өнімдерді шығару бағытындағы жобалар. Қазір біз құны 1 млрд доллардан асатын бес ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз", — деді ол.
Мәселен, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бірлескен ірі жобалар басталған.
"Шымкентте түркиялық Alarkо компаниясының 500 гектар жылыжай кешені салынып жатыр. Бұл да біздің еліміз үшін ауыл шаруашылығы әлеуетін дамыту мақсатындағы үлкен жұмыс. Сонымен бірге, Астанада Tiryaki компаниясының астықты терең өңдеу жобасы іске асырылып жатыр. Одан бөлек, тағы бір түркиялық компания Алматыда мал терісін терең өңдеу бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба аясында жылына 7 мың тоннадан астам желатин өндіреміз", — деді вице-министр.