Түркия тәжірибесі: ҚТЖ бейтаныс ерлер мен әйелдерді бөлек орналастыруды зерттеп жатыр

«Қазақстан темір жолы» компаниясы Түркияда қолданылатын осындай жүйені зерттеп жатыр. Алайда бұл ерлер мен әйелдердің бір купеде бірге жүруіне тыйым салу дегенді білдірмейді. Ұсыныс бөлек билет сатып алатын, бір-бірін танымайтын жолаушыларға қатысты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Мәселе Threads әлеуметтік желісіндегі жазбадан кейін көтерілген. Қазақстандық әйел Түркияда пойыз билеттерін сатып алу жүйесі жолаушылардың жынысын ескеретінін айтып, осы тәжірибені Қазақстанда да енгізуге бола ма деген сұрақ қойған. 

Мысалы купедегі алғашқы билетті ер адам сатып алса, қалған орындар автоматты түрде ер жолаушыларға ұсынылады. Әйел адам билет алған жағдайда, қалған орындар әйелдерге ұсынылады.

Жазбада «Қазақстан темір жолы» компаниясы да белгіленген. Бұған жауап берген ҚТЖ өкілдері мұндай жүйені мамандар қазір зерттеп жатқанын хабарлаған. Зерттеу нәтижесіне қарай оны Қазақстанда енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылданады.

Компанияның мәліметінше, ұсыныс тиісті мамандарға қарастыру үшін берілген. Егер мұндай модель Қазақстан жағдайына сәйкес келеді деп танылса, ҚТЖ оны енгізу мүмкіндігін қарастырады.

Бұл ерлер мен әйелдердің бір купеде жүруіне тыйым салу ма?

Жоқ. ҚТЖ қарастырып отырған нұсқа ерлер мен әйелдердің бір пойызда немесе бір купеде бірге жүруіне жалпы тыйым салуды көздемейді. Әңгіме билеттерді бір-бірінен бөлек сатып алатын және бір-бірін танымайтын жолаушыларды бір купеге автоматты түрде орналастырмау мүмкіндігі туралы болып отыр.

Қазір Қазақстанда теміржол билеттерін әдеттегі тәртіппен сату кезінде орындарды автоматты түрде бөлу барысында жолаушының жынысы ескерілмейді. Сондықтан әйел адам купеден билет сатып алғанда, оның қасында бұрын билет алған бейтаныс ер адам болуы мүмкін. Дәл сол сияқты ер адам да бейтаныс әйелмен бір купеге түсуі ықтимал.

Егер ҚТЖ Түркиядағы жүйеге ұқсас тетікті енгізсе, мұндай жағдайларды азайтуға мүмкіндік берілмек.

Қазақстанда әйелдер вагоны бар

Қазақстан пойыздарында әйел жолаушыларға арналған бөлек вагондар 2021 жылғы қазаннан бастап пайда болды.

Бұл шешім жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелермен, соның ішінде пойыздардағы әйелдерге қатысты орын алған тиісу, қудалау және зорлық-зомбылық жағдайларының талқылануымен байланысты қабылданған.

Әйелдер вагонына билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады. Олармен бірге жеті жасқа толмаған ұл балалар да жүре алады. Мұндай вагондарға әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді.

ҚТЖ әйелдер вагонының негізгі бағыттарда қолжетімді екенін еске салды.

Ал бейтаныс ерлер мен әйелдерді бір купеге автоматты түрде орналастырмау жүйесі әзірге тек ұсыныс деңгейінде. Қазіргі уақытта мамандар оның мүмкіндігін зерттеп жатыр. Сондықтан жаңа тәртіптің қашан және қандай бағыттарда енгізілетіні әзірге белгісіз.