Түркістан облысында білім сапасы мәз емес — Президент

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰБТ мен PISA нәтижелеріне тоқталып, білім сапасы төмен өңірлердегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Осы тұста Мемлекет басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталды. Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын.

— Әсіресе, тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл — аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайтынын, оқушылардың басым бөлігі ауылда тұрғандықтан, қолайлы жағдай жетіспейтінін айтты.

— Облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл — Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет, — деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.

Президент төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керектігін айтып, Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырды.