ТЖД қызметкері «Жас ақын - 2014» байқауының жеңімпазы атанды - Ақмола облысы

Өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқауға жасы шамасы 16-29 аралығындағы 10 ақын қатысып, бақ сынады. Байқау ережесіне сай өзін-өзі таныстыру, шығармашылығынан өлең оқу және «Қазақ тарихының 550-жылдығы» тақырыбында ой өрбіту кезеңдері бойынша мықтылар анықталды.

Үш кезең қортындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледждің 4-курс студенті  Нұрғайып Хапсемет иеленсе, екінші орын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 2-курс студенті Мұхаммед Қоңқаевқа бұйырды. Ал, бірінші орынға облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ қызметшісі Нұргүл Нұрбайқызы лайықты деп танылды.

«Бүгін менің жолым болып, бағым жанды. Ақындардың барлығы сайдың тасындай кілең мықтылар. Байқау өте тартысты, әрі қызықты өтті», - деп ағынан жарылды байқау жеңімпазы.