Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бітірушілерге арналған жағдайды жетілдіру мақсатында ағымдағы жылы келесі жаңалықтар енгізілуде. Бірінші, әр түлекке университетке құжат тапсырар алдында берілетін ҰБТ сертификатында балалар тапсырған пәндеріне сәйкес мамандықтар тізімі, әр мамандыққа бөлінген гранттардың саны және өткен жылғы гранттар конкурсының нәтижелері, яғни әр мамандыққа былтырғы жылы қандай балмен өткені туралы ақпарат жазылады. Бұл бітірушіге ҰБТ-да жинаған балын ескере отырып, мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді», - деді Ерлан Сағадиев.
Оның айтуынша, екіншіден бітіруші ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда оған келесі топпен тапсыру мүмкіндігі беріледі. Үшіншіден, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар жеке көмекші, сонымен қатар сурдоаудармашы маманымен қамтамасыз етіледі. Төртіншіден, Қазақстан бойынша ҰБТ-ға қатысты сұрақтармен тегін қоңырау шалуға болатын бірыңғай Call-орталық іске қосылады.
«Ағымдағы жылдан бастап «Алтын белгіге» ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде балдары тең болған жағдайда ғана басымдық ала алады. Бұл заң Парламентте қолдау тапты және аталған заңға Елбасы қол қойды. Ағымдағы жылдың тамызы және келесі жылдың қаңтар айларында ЖОО-лардың ақылы бөліміне түсу мүмкіндігі сақталған. Осы норманың арқасында былтыр 30 мың жас жоғары оқу орнында білім алу құқығына қол жетізді», - деді министр.