ҰБТ-да ең жоғары балды жинаған түлек Шиара Құдайбергенова Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке грантқа түсті.
Шиара Құдайбергенова биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жалғыз өзі 140 балл жинаған болатын.
"Логистке түскім келіп еді, алайда қазірга таңда бұл мамандық онлайн түрінде көбірек дамып жатыр, сондықтан "Қаржыны" таңдадым. Сүлеймен Демирел атындағы университетте осы салада ауадай қажет 14 халықаралық сертификаттың 9-ын алуға болады. Оқу орнында сабақ ағылшын тілінде өтеді, болашақта осы оқу орнының дипломымен логист бола аламын", — деді Шиара Құдайбергенова Sputnik-ке берген сұхбатында.
Болашақ студент Назарбаев Университетіне түсуді армандаған, алайда бұл оқу орнына құжат қабылдау уақыты өтіп кетіпті. Оның үстіне, ҰБТ нәтижесі Назарбаев Университетіне іріктеуде ешқандай артықшылық бермейді.
"Біз оқу орнына өтініш жазбақшы едік, алайда Instagram арқылы оқуға түсе алмайтынымды хабарлады. Мүмкін магистратурасына түсіп қалармын", — деп толықтырды Құдайбергенова.
Шиара бұған дейін Sputnik-ке ҰБТ-ға дайындық кезінде таңғы 4-те тұрып, кітап "кеміргенін" әңгімелеп берген болатын. Үздік нәтиже көрсеткені үшін ол Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтан iPhone сыйға алды. Өзінің айтуынша, телефон ұнаған.
Сүлеймен Демирел атындағы университет – 1996 жылы ашылған жекеменшік жоғарғы оқу орны. Университетті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия мемлекетінің сол кездегі басшысы Сүлеймен Демирел ашты.