Назарбаев университеті ҰБТ-дан ең жоғары балл алған алматылық түлекті неге оқуға қабылдамағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik.
Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде №123 мектеп-гимназиясының түлегі Шиара Құдайбергенова Қазақстанда ең жоғары 140 балл жинаған жалғыз талапкер атанды.
Sputnik агенттігіне берген сұхбатында бойжеткен Назарбаев университетіне түскісі келетінін, бірақ бұл ЖОО-ға түсу ережелеріне байланысты оның мүмкін еместігін айтқан болатын.
Алматылық қызға мүмкіндік беріле ме деген редакция сұрағына университет баспасөз қызметі жауап бергендей, Назарбаев Университетінің академиялық бағдарламаларына студенттерді қабылдау конкурстық жүйе бойынша өтеді және ҰБТ нәтижесі іріктеу барысында ескерілмейді.
"Қазір келесі жылға студенттерді қабылдау процесі басталып кетті. Университет ережелері бойынша Шиара Құдайбергенова 2019-2020 оқу жылдарына түсу үшін конкурсқа қатыса алады", – деп хабарлады ЖОО өкілі Sputnik тілшісіне.
Назарбаев университетіне дайындық бағдарламасына немесе бакалавриатқа түскісі келетін түлектер университет порталында онлайн тіркелуі тиіс. Тіркелу кезінде талапкерлер ағылшын тілінде APTIS және IELTS емтихандарын, сонымен бірге бейінді пәндер бойынша NUFYP Entrance Test сынағын тапсырады.
Сонымен қатар, бакалавр мамандығына тіркелген түлектер халықаралық SAT/ACT және IELTS/TOEFL тестілерінің түпнұсқа сертификаттарын тапсыруы тиіс.
Қабылдау комиссиясы жүргізілген іріктеу бойынша барлық кезеңдерден өткен әр талапкерге тиісті рейтинг беріп, сол бойынша грантқа лайықты кандидаттар таңдалады.