ҰБТ-ның бірінші күнінде Қазақстан бойынша екі жігіт естерінен танып қалды

ҰБТ кезінде екі түлек медициналық көмекке жүгінді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Today.kz.

"Қазақстан бойынша екі адам медициналық көмекке жүгінді. Бірінші жайт Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болды. Жігіт есінен танып қалды. Жедел жәрдем жеткенде медициналық қызметкерлер оған алғашқы көмек көрсетті. Оны ауруханаға алып кетті. Мемлекеттік комиссияның шешімімен түлек ҰБТ-ны келесі лекпен тапсырады", – деді Әлімқұлов. 

Екінші жағдай Сарыағашта тіркелді. 


"Жігіт те есінен танды. Жарты сағаттың ішінде өз-өзіне келіп, тестілеуді жалғастыруды ұйғарды. Медициналық көмекке кеткен уақыт есептеліп, қосылды. Жігіт ҰБТ-ны сәтті тапсырып шықты", – деді спикер. 

Қазақстанда ҰБТ 20 маусымда басталды. Бірінші күннің қорытындысы бойынша, екі мыңнан астам түлек өту кезеңін бағындыра алмады.