Жол апаты Шымкенттің басты көшелерінің бірі Бәйдібек би даңғылында болған. Түнгі сағат екі жарымдар шамасында жоғары жылдамдықпен келе жатқан Лексус жанай өтіп бара жатқан қос мәшинеге соғылып, бірден тоқтай алмай жол жиегінде тұрған 5 көлікті де қағып өткен.
Соққының қатты болғаны соншалық, жол жиегінде тұрған көліктің екеуін бірнеше метр жердегі жаяу жүргіншілер жолына ұшырып жіберген. Көліктің ішінде адамдар болыпты. Құтқарушылар оларды құтқаруға жарты сағат жұмсапты. Қазір, сол көліктен қалғаны тек мыналар ғана.
Жол апатына себепкер болған азамат, қымбат көлігінің нөмірін шешіп алып, оқиға орнынан тайып тұрған. Өкінішке карай, жол шетінде тұрған 4 азамат пен мәшиненің ішіндегі бес адам осы оқиға кезінде ауыр жарақат алды. Арасында екі жастағы бүлдіршін де бар. Жол апатынан зардап шеккен Сайлау Әбжаппаров сол күні бірнеше жолдасымен алыстан келген қонақтарды шығарып салып тұрған. Ол көліктің қалай келіп қалғанын байқамай қалдым дейді.
Сайлау Әбжаппаров, жәбірленуші:
- 200 бар ана жерде. Өйткені, секунд та өткен жоқ. Қарап үлгере алмадым. Жарық болып кетті. Қатты ұрғанын естідім. Одан кейін қарасам жерде жатырмын, аяқтарым шашылып жатыр. Аяқтарым кетіп қалған.
Өкінішке қарай, ауыр хәлде ауруханаға түскен азаматтың біреуі, 29 жастағы Шымкент тұрғыны ауыр операциядан кейін есін жимай көз жұмды. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты, бірақ толық жазылып кетуі екіталай дейді дәрігерлер.
Сәбит Байбосынов, Аурхананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Түскен клиникалық диагноздары күрделі ауыр жарақат, бастың жабық ми жарақаты, мидың шайқалуы, төменгі аяқ бөліктерінің сынуы, травматикалық шокпен түсті.
Оқиға орнынан қашып кетсе де қаншама жанұяны қан қақсатқан полицейдің өзі де оңбай жараланған. Қазір арнайы конвойдың бақылауымен ол да ауруханада жатыр.Оған қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Енді 27 жастағы инспектор ауруханадан шыға сала бірден абақтыға қамалатын болады.