Ұятпен жабылған қылмыстар: Қазақстанда "Меган заңы" қалай жұмыс істейді?

Бала қауіпсіздігі қоғамдағы маңызды мәселе. Өкінішке орай, кейбіреулер «біздің ауылда ондай жоқ», «біз бір-бірімізді танимыз», «бұл басқа біреулердің басынан өтетін жағдай» деп өздерін жұбатады. Алайда ресми деректер мен ашық жарияланған карта бұл иллюзияны жоққа шығарды. Қазақстанда балаларға жыныстық зорлық көрсеткені үшін сотталған адамдардың аты-жөні мен фотосуреті енді жасырын емес. Осы карта арқылы еліміздің қай өңірі балалар үшін қауіпті екенін көре аламыз. Caravan.kz медиа порталының тілшісі зерттеп көрді. 

Қауіпті ауыл

Балалар үшін ең қауіпті орындардың бірі - Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылы. Небәрі 400-ге жуық тұрғыны бар елді мекенде жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған 20 адам тіркелген. Бұл дерек Қазақстандағы педофилдер картасында көрсетілген.

2016 жылдан бастап Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасап, сотталған адамдардың аты-жөні мен фотосуреті интернетте ашық жариялана бастады. Бұл қоғамды қорқыту үшін емес, алдын алу және қорғау үшін жасалған қадам.

Педофилдердің тұрғылықты жері көрсетілетін картаны алғаш жасаған - АҚШ. 1994 жылы Нью Джерси штатында 7 жастағы Меган Канканы көршісі күшік көрсетемін деген сылтаумен үйіне алдап кіргізіп, айуандық жасаған. Перзентінен айырылған ата-ана «егер көршіміздің бұрын бала зорлап, сотталғанын білсек, қазір қызымыз тірі болушы еді» деп құқық қорғау органдарына назданған. Шу шығып арада екі жылдан кейін ел «Меган заңы» деп аталған бапты қабылдайды. Оған сәйкес жыныстық қылмыс жасап сотталғандардың қайда тұратыны туралы ақпарат ашық жариялануы тиіс. 

Қазақстандағы карта алғаш іске қосылған кезде онда 100 ғана есім болған. Қазір бұл тізімде 474 адам бар. Мамандар мұны қылмыстың көбейгенімен емес, бұрын «ұятпен» жабылып келген істердің енді тіркеле бастағанымен байланыстырады.

Өкінішке қарай, бүгінге дейін зорлықты көрсе де, ешкімге айтпайтын, үнсіз қалатын отбасылар аз емес. Ал үнсіздік - қылмыскерді қорғап, баланы жалғыз қалдырады.

Жақында белгілі журналист Дина Төлепбергеннің «13 ақиқат» атты кітабы жарық көрді. Онда әйелдер мен балалардың жыныстық құқығын қорғауға қатысты шынайы оқиғалар талданған.

«Егер біз, үлкендер, балаға “жоқ” деп айтуға болатынын, оның денесіне рұқсатсыз қол тигізудің зорлық екенін үйретпесек, зорлық көрген бала өзін кінәлі сезінеді», - дейді журналист.

Осы орайда ол қоғамға үш қарапайым, бірақ өте ауыр сұрақ қояды:

“Білмеппіз” деп жүрмеу үшін, картаны қараған абзал, әрине. Бірақ есімдерді оқып, суреттерді көрген соң, қорқып қалмаңыз», - дейді журналист.