Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның мәліметінше, саяжай тұрғындары облыс әкіміне кірмекші болған. Олар мәселе тек осы жолмен шешілетініне сенімді болып отыр. "Балам ауырды. Үйде үлкен балаларым ауырды. Өзіміз ауырдық. Үй салқын. Тұру мүмкін емес. Біз басқа елде, басқа бір далада тұрып жатқан сияқтымыз. Шынына келгенде, қыста осылай газ проблема болды", - дейді саяжай тұрғындары. Жеке сектор тұрғындары қыс басталғалы бері үйлерінің азынап кеткенін айтады. Бұған себеп газ қысымының тым төмендеп, үйге жылудың аз берілуі болып отыр. Осылайша, тұрғындар облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездеспек болды. Алайда әкім Астанада болып шықты.
Аталған мәселеге қатысты облыс әкімдігі өкілдері бүгінге дейін 36 саяжай ұжымын тексергендігін айтады. Олар биыл газ қысымының тым төмендегенін мойындап отыр. Айтуларынша, қыста үй жылыту үшін құбырдағы газ қысымының көрсеткіші 120 болуы керек. Ал биыл бұл көрсеткіш екі-үш есеге төмендеген. Енді әкімдіктегілер газ шаруашылығына жауапты мекемелерді жинап, газ құбырларын жедел ауыстырамыз деп отыр. Себебі, жіңішке құбырдан жететін газ қысымы аз болады дейді олар.
"Бардық. Расында да газ аз. Сексенге түсіп кеткен. Өз көзімізбен көрдік. Қырыққа түсіп кеткені де бар. Бізге сәл уақыт беріңіздер. Қазір сметасы. Сомасы дайын болған шығар. Сосын газ мамандарын жинаймыз. Олардан қандай көмек болады, қалай дайын болады, кезең-кезеңімен істейміз", - дейді Ақтөбе облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.