Үйлену тойынан соң жаппай астан ұшынғандар ауруханаға түсті

Ұлан-асыр тойға қонақ боп барып артынша аурухана төсегіне танылғандар қазір ем қабылдауда. Бір күнде дәрігердің көмегіне жүгінген 40 адамның барлығы мейрамханада астан ұшынған. Арасында балалар да бар. Әзірге біреуі ғана үйіне қайтарылыпты.

Имдат ЭфендиевСемей қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы басшысының орынбасары:

-Ішек инфекциясы анықталғандардың 39-ы әлі емделуде. Жартылай ауыр жағдай түскен болатын. Бәрі жақсы болса, ертеңнен бастап шығара бастаймыз.

Үйлену тойынан кейін адамдар жаппай ұшынғандықтан қаланың санитарлық қызметі арнайы жұмыс тобын құрған. Қазір науқастармен сұрау жүргізіліп, тағамдардың сынамалары алынды. Дегенмен әзірге нақты нәтиже жоқ.

Бағлан Шегедеков, Семей қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының басшысы:


-Тексеру кезінде науқастардың барлығы көбіне «Дастан» атты салатты жегенін айтқан. Ол той болатын күні таңертеңгісін әзірленіп, тоңазытқышқа салынбаған. Сол тағамның бұзылуы ұшынуға әкеп соқты ма деп болжап отырмыз.

Үйлену тойында жалпы саны 140 адамдай болыпты. Қалғандары аман-есен. Ал оқиға болған мейрамхана есігі қазір жабық.

-Адамдардың жаппай астан ұшынуы дерегі бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Егер мейрамхана иелері кінәлі деп танылса, қомақты айыппұл салынуы мүмкін. Ал санитар мамандар болса, құлқынның қамын күйттеген кәсіпкерлерге тағам әзірлеуде тәртіп сақтау керектігін қайтара ескертуде.