Былтырдан бері ұйқы қысып естерінен танып жатқан Калачиге облыс әкімі Қосман Айтмұхамбетов барды. Ол зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілмегенін естіп таңғалып отыр. Облыс басшысы сол жерде уран шахталарының түгел тексерілетін айтты. «Аты жоқ» аурудан әбден діңгелеген жұрт ешқайда көшірілмейді екен. Ал Калачидегі 30 оқушыны бірден Бурабайдағы санаторийге жібермекші.
Қосман Айтмұхамбетов, Ақмола облысының әкімі:
-Балалара витамині мол тегін тамақ беруді ертеңнен бастап ұйымдастырамыз. Өйткені, көктем ауру қозатын қауіпті кез. Сондықтан дәруменді тамақ беруіміз керек. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырдық. Мектеп оқушыларының барлығы санаторийде демалатын болады. Қолдан келгенді жасап жатырмыз.
Қанша уәде берсе де, жергілікті жұрттың көңілі алаң. Себебі эпидимиологиялық ахуал жақсарудың орнына күн сайын ушығып бара жатыр. Мәселен, Алексей Лом Есіл қаласындағы құрылыс компаниясының директоры. Калачиға қайын енесінің үйіне қонаққа келіп, қалғып кеткен.
Алексей Лом, Есіл қаласының тұрғыны:
-Жер үйде тұратын қайын енеме келіп шаруашылықпен айналыстым, монша жағып балаларымды жуындырдым. Тамақ ішіп алып, кешке компьютерге отырғанымды білем, 3 күннен кейін Көкшетаудың ауруханасында бір-ақ ояндым.
Ал үлкен кішіні жаппай естен тандырып жатқан кеселдің себебі әлі анықталмай жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі жанынан арнайы құрылған комиссия су, ауа, топырақ пен тіпті тұрғындардың тырнағы мен шашына дейін зерттепті. Бірақ жұмбақ ауру туралы жарытып ештеме айта алмаған. Тек бұл жұқпалы дерт емес деген қорытынды шығарыпты.
Виктор Крюков, Калачи ауылының тұрғыны:
-Комиссия келеді, өзара сөйлеседі де кетеді. Мында 20 -25 жыл шахтада жұмыс істеген 44 кенші бар. Солармен ақылдасқан емес. Меніңше, комиссия Степногордағы архивтен барлық шахталардың кестесін көтеру керек. Барлық кен орындарын қайта зерттеп шығу керек, кезінде шахталардан құрылыс материалдары да алынған.
-Күллі елге аты шыққан Калачиға бірінен соң бірі комиссия келіп жатыр. Бүгін Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілдері жетті. Бірақ нақты диагноз қоя алмай әбігерге түсуде. Түрлі сынамадан әбден мезі болған халық та шаршаған.