Үкімет 2005-жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын бекітті

Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтың айтуынша, бұл жоспарға 59 заң жобасы қамтылған. "Бұл үкіметтің өткен үш жылдағы заң жобалау жұмыстарының көлемінен әлдеқайда артық".

Бұған қоса үкімет 2005-2007-жылдарға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын жасады. Алдағы үш жылда үкімет 89 заң жобасын жасамақшы, оның
34-і дербес заң жобалары (оның төртеуі - кодекс) болса, 55 заң жобасы қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. "Үкімет сондай-ақ өткен жылдардағы жоспардан шығарылған 8 заңның жобасын жасағалы отыр",- деді О.Жұмабеков.
Отырыс барысында Алматыдағы қаржы орталығының іс-қызметі туралы заң жобасын жасау мерзімі нақтыланды. Оны үкімет 2005-жылдың наурыз айында қарап, маусым айында парламентке енгізуі тиіс. Осыған байланысты ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, Алматыда қаржылық орталық құрудың техникалық-экономикалық негіздемесі 2005-жылдың наурыз айының ортасына қарай дайын болуы тиіс. Сонымен бірге үкімет "Секьютиризация туралы" заң жобасын қарау мерзімін 2005-жылғы желтоқсан айынан сәуір айына ілгерілетті.
Ал үкімет басшысы Даниал Ахметов "жасалатын заң жобаларында басқа заңға немесе басқа нормаға сілтеме жасайтын нормаларды мейлінше азайтуға" кеңес берді. "Заңдар тікелей әсерге ие болуы тиіс. Бұл олардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді",- деді ол.