Үкімет 6 министрлік пен мекеменің құрылымын жаңаламақшы

Соған сәйкес, Қаржы министрлігін, Ауылшаруашылығы министрлігін, Төтенше жағдайлар министрлігін, Қоршаған ортаны қорғау министрлігін, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Жер ресурстарын басқару агенттігін реформалау ұсынылып отыр.

"Біздің бұл ұсыныстарымыз орталық атқарушы билік органдары мен олардың мекемелерінің 72 аумақтық бөлімшелерін, сондай-ақ, жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын 16 атқарушы органды жоюға, сол арқылы олардың санын қысқартуға алып келеді", - деді ұсыныстарды таныстырған вице-премьер Өмірзақ Шөкеев. Ол осы ұсыныстардың қазір жүзеге асырылып жатқан әкімшілік реформалардың аясында енгізіліп отырғанын айта кетті.

Атап айтсақ, оның сөзіне қарағанда, Ауылшаруашылығы министрлігінің құрылымында "облыстық, Алматы және Астана қалалық деңгейдегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелерін комитеттің аймақаралық аумақтық бөлімшелері ретінде қайта құрып, оларды 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосу ұсынылып отыр".

Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында Төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік қадағалау комитетін қайта құрып, облыстық, Алматы және Астана қалалық деңгейде тиісті аумақтық органдары бар Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті ретінде құру ұсынылған.

Сонымен бірге министрлік пен комитеттің төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық органдарын өзара біріктіре отырып, жаңадан құрылатын Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің аумақтық органдарына айналдыру ұсынылған.

Осы орайда мобилизациялдық дайындық, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алуды ұйымдастыру және олардың зардаптарын жою жөніндегі жергілікті департаменттер мен басқармаларды жойып, олардың азаматтық қорғаныс және апаттардың алдын алу және зардаптарын жою функцияларын министрлікке, ал мобилазациялық дайындық жөніндегі функцияларын жергілікті экономика және бюджетті жоспарлау департаментттеріне беру ұсынылып отыр.

Әскери міндет және әскери қызмет мәселелері бойынша заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету және ұйымдастыру функцияларын облыс әкімдері, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне беру ұсынылған.

"Нәтижесінде осы ұсынылып отырған қайта құрулар мемлекеттің төтенше жағдайлар саласындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тіке құрылымның қалыптасуына, министрліктің 25 аумақтық органы мен 16 жергілікті басқармалар мен департаменттерді жоюға алып келеді", - деді Ө.Шөкеев.

Қаржы минисрлігінің құрылымында "Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі комитет пен Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетін біріктіру арқылы Мемлекеттік мүлік және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитет ретінде қайта құру, аумақтық бөлімшелерін өзгерту ұсынылды. "Бұл министрліктің қарамағындағы мекемелерді біреуге, ал аумақтық органдардың санын 21 бірлікке азайтуға мүмкіндік береді".

"Келешекте осы комитеттің аумақтық бөлімшелерін жойып, оны қазынашылықпен біріктіру ұсынылып отыр. Ал банкроттық жөніндегі комитетті жалпы бәсекелі ортаға бермекшіміз", - деді вице-премьер.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде "қазір жұмыс істеп жатқан Табиғат қорғауды бақылау комитетін Экологиялық реттеу және бақылау комитеті ретінде қайта құру, оған қоршаған ортаны қорғау саласындағы жүзеге асыру және бақылау функцияларын беру, және сонымен біруақытта министрліктің аумақтық бөлімшелерін бассейндік принциппен аймақаралық аумақтық органдарға айналдыру ұсынылған. Осы орайда Ө.Шөкеевтің атап өткеніндей, "жергілікті атқарушы билік органдарына табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары мен департаменттеріне министрліктің қоршаған ортаға эмиссия жасауға экологиялық рұқсат беру және екінші, үшінші және төртінші санаттағы нысандарға экологиялық сараптама жасау функцияларын беру, ал министрліктің құзіретінде тек бірінші санаттағы нысандарға экологиялық сараптама жасау және экологиялық рұқсат беру функциясын ғана қалдыру ұсынылған".

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде "Еңбек және әлеуметтік қорғауды қадағалау комитетін құрып, оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жүзеге асыру және бақылау функцияларын беру, министрліктің аумақтық бөлімшелерін жаңадан құрылған комитеттің аумақтық бөлімшелеріне айналдыру ұсынылды".

"Біз 2009 жылдың 1-қаңтарынан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жүзеге асыру функциясын облыстық және аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы билік органдарына беруді, ал комитеттің облыстық деңгейдегі аумақтық бөлімшелерін аймақаралық аумақтық бөлімшеленр ретінде қайта құруды және оларға бақылау функцияларын беруді ұйғардық",- деді Ө.Шөкеев.

Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттікте 16 облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық бөлімшелерді Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың орналасу принципіне сай 7 өңіраралық аумақтық бөлімшелер ретінде қайта құру ұсынылған. Осы ретте әкімдерге "жергілікті жер қатынастары басқармаларын жойып, олардың функциясын жергілікті ауылшаруашылығы басқармасы департаменттеріне беру ұсынылған".


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті