Үкімет "Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар туралы" заң жобасын дайындады

"Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың тиімді жұмыс істеуін одан әрі қамтамасыз ету мақсатында үкімет қазір "Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар туралы" заң жобасын дайындады", - деді Е. Мамытбеков. Оның түсіндіруінше, "заң жобасында Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды құру, жұмыс істеу, қайта құру және жою ерекшеліктері регламенттеліп, олардың мамандандырылған кеңес атты консультативтік-кеңес органы арқылы мемлекеттік органдармен ықпалдастық жасау тәртіптері айқындалған".

"Заң жобасының бір ерекше тұсы - мемлекеттік меншікті, жерді және жер қойнауын пайдалану құқықтарын өткеріп беру тетігі болмақ", - деді вице-министр.

"Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның пайдасын бөлісу тетіктерін заңнамалық негізде реттеуді қамтамасыз ету және оны әріқарай әлеуметтік жобаларға инвестициялау үшін ӘКК-дың қаржылық ресурстарын коммерциялық емес заңды тұлға түрінде корпоративтік әлеуметтік қор құру арқылы жинақтау тәсілі қарастырылуда", - деді Е. Мамытбеков.

Осы орайда оның атап көрсеткеніндей, "заң жобасы қор қаржысын тек қана мақсатты түрде пайдалануды регламенттейді".

Вице-министрдің мәліметінше, қазір заң жобасы мемлекеттік органдар, үкімет басшысының кеңсесі мен президент әкімшілігінің келісімін алуға жіберілген.