Үкімет Ауыл шаруашылық министрлігінің интервенциялық астық пулын құру жөніндегі ұсынысын мақұлдады

"Үкімет қабылдаған ішкі нарықты реттеу және оны астықпен тұрақты қамтамасыз ету шаралары уақытша нәтиже берді. Елдің ішкі қажеттілігін азықтық астықпен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін жаңа астық өнімін алғанға дейін ағымдағы уақыт ішінде астық екпейтін облыстар мен Алматы және Астана қалаларының ішкі нарығын тұрақтандыратын уақытша шаралар ретінде "Азық-түлік келісім-шарты корпорациясы" мен Астық одағына қатысушы жеке меншік астық компанияларының қатысуымен интервенциялық астық пулын құруды ұсынамыз", - деді Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, бұл ұсынысты астық одағының қатысушылары бұған дейін де талқылаған.

"Аталмыш пул екі тапсырманы шешеді. Біріншісі - ішкі астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету болса, екіншісі - экспортқа тыйым салыну себепті астық экспортынан табыс ала амаған астық компанияларына астық кампаниясын өткізуге мүмкіншілік беру", - деп түсіндірді министр.

"Тағы да қайталаймын, мұндай пулдың құрылуы жаңа астық түсіміне дейінгі уақытша шара болып табылады", - деп атап көрсетті ол.