"Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржылық бақылау агенттігімен бірлесіп банктердегі қаржылық ахуалға қатаң мониторинг жүргізіп, жедел жауап қату шараларын алатын болады", - деді Кәрім Мәсімов. "Егер қаржылық ұйымдар мен олардың қожайындары пайда болған қиындықтарды шешуге қауқарсыз болып шықса, онда заңнамаға сәйкес жаңа басқарушылар тағайындалады, тіпті қажет болған жағдайда жаңа инвесторлар, соның ішінде шетелдік инвесторлар енгізіледі", -деді премьер. "Мұндай шаралардың барлығы да ашық, айқын және заңнамаға сәйкес түсінікті процедуралармен іске асырылады", деді үкімет басшысы.
Премьер осы орайда "үкіметтің бір жақты ғана қолдаулар көрсетіп, банктерді құтқарып қалуға аса ден қойып отырмағанын" атап өтті. "Жауапкершілік пен тәуекелдердің негізгі бөлігі бұрынғыдай қаржылық ұйымдардың өз мойнына жүктеледі. Біздің міндет - жалпы қаржылық жүйенің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету, салымшылардың мүддесін қорғау", - деді ол.
Кәрім Мәсімов үкіметтің макроэкономикалық болжамдар жасаудың сапасын көтеруге қатысты көзқарастарды жетілдіре отырып, қаржылық тұрақсыздыққа қатысты қатерлерге жедел әрі жүйелі түрде жауап қату жоспарын жасап жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы "қаржы секторындағы құрылымдық жаңартуларды тереңдету мен қор нарығын дамытуға ықпалды шаралар қолданылатын болады".