Үкімет басшысы әкімдерге көктемгі су тасқыны төңірегіндегі ахуалды жіті бақылауды тапсырды

Тасқынға қарсы жұмыстарды үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев үйлестіретін болды.

«Әкімдер азаматтарымызды табиғат апаттарынан, соның ішінде, су тасқынынан қорғау мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Сіздер бұл жұмысты жақсы білесіздер, бұл мәселе жыл сайын қаралады. Түсінікті әрі нақты мониторинг жасалып, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.

Әкімдіктер қолға алынған шараларды, соның ішінде, ТЖ министрлігінің шараларын дер кезінде жүзеге асыруы керек. Бақытжан Әбдірұлы, сіз осы мәселеге жетекшілік етесіз, ерекше бақылауда ұстаңыз», - деді С.Ахметов үкіметтің сейсенбідегі отырысында.

Өз кезегінде ТЖ министрі Владимир Божко аймақтардың тасқын маусымына сақадай сай отырғанын жеткізді.


«4500 адам мен 800-ден астам техника ерекше дайындық жүргізді. Оның ішінде, азаматтық қорғаныс жасақтары (257 адам мен 33 дана техника), құтқарушы жасақтар (3561 адам мен 77 дана техника), апатты медицина орталықтары (64 адам және 22 техника). Тұңғыш рет құтқарушы күштер мен материалдық ресурстарды шалғай елді мекендерге жеткізу үшін қос Ми-26 тікұшағы дайындалды», - деді В.Божко.

Оның айтуынша, әкімдіктер төтенше жағдайлардың алдын алуға және салдарын жоюға 6,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлген.