Үкімет басшысы Ақтөбеде өтетін аймақтық экономикалық форумға қатысады

Форумға қатысушылар Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының аймақтық даму бағдарламасын талқылайды. Сондай-ақ, форумға қатысушылар өзара пікір алмасып, еліміздің жаңаша экономикалық даму бағыттарымен танысады.

Ұйымдастырушылардың болжамына сәйкес, екі күндік бас қосуға 300-ден астам өкіл шақырылған. Шараға батыс өңірдегі барша ірі кәсіпорындардың басшылары, республикалық даму институттарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысады.
Әкімшілік ақпаратына сәйкес, 13-сәуір күні түстен кейін үкімет басшысы "Спарта" ағаш өңдеу комбинатының тұсаукесеріне қатысып, "ҚазақстанҚұбырӨнеркәсібі" ЖАҚ-на қарасты жаңадан салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысады. Сондай-ақ, Ақтөбелік сәулетшілер үкімет басшысына Ақтөбенің жаңа бас жоспарының жобасын таныстырмақшы.