Тараптар біздің еліміздегі цемент өндірісінің келешегін талқылады.
Кездесу барысында атап көрсетілгендей, бүгінде қазақстандық бес цемент зауытының жалпы өндірістік қуаты республиканың цементке деген сұранысын жабуға жеткіліксіз болып отыр. Сала проблемаларын шешу үшін түрлі қуаттағы қосымша цемент зауыттарын салу, сондай-ақ құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту бағдарламасы аясында бірқатар цемент зауыттарын қайта құрылымдау жобалары қарастырылуда. Осы бағыттағы жұмыстардың инвесторларының бірі -"ХайдельбергЦемент" компаниясы. Қазіргі уақытта концерн жылдық қуаты 1,2 миллион тоннаны құрайтын Бұхтарма цемент зауытына, сондай-ақ Өскемен, Астана, Алматы және Ақтау қалаларындағы 4 терминалға иелік ететін "ШығысЦемент" компаниясы акцияларының 75,1 пайызын бақылайды және "Каспий Цемент", "КаспийНеруд" компаниялары акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы шарт жасап отыр. Оған қоса компания Маңғыстау облысында жылдық қуаты 2 миллион тоннаға жететін жаңа цемент зауытын салуды жоспарлауда. Қаржыландыру көлемі 250 миллион АҚШ долларын құрайды.
Осы және басқа да мәліметтерді тыңдаған үкімет басшысы елімізде цемент өніміне деген сұраныстың артып отырғанын, ал бар әлеуеттің толық пайдаланылмайтындығын атап көрсетті.
"Бұл салада инвесторлар үшін ешқандай кедергілер болмауы керек. Елдегі қолданыстағы заңның аясында еңбек етіңіздер, цемент өнімдері рыногын дамытыңыздар", - деді Д.Ахметов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті