Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігінің алдына бірнеше мақсат қойды

Үкімет басшысы ҚР денсаулық сақтау министрлігіне шетелдік жоғары оқу орындарында қосымша дайындықтан өтуге мүмкіндігі бар медицина қызметкерлерінің тізімін жасауды тапсырды. "Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылғы бюджетте 3 мың маманды алыс шетелдерде оқытуға арналған қаржы қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігіне соның ішінде 300 квота бөлінді",- деді үкімет басшысы. ҚР денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев қазіргі жағдаймен еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің 90 қызметкері алыс шетелдерде оқуға дайын деп хабарлады. Министрдің айтуынша, "шетелдерде маман оқытуға басты кедергі - шет тілін білмеу болмақ".

Отырыс барысында Д.Ахметов денсаулық сақтау жүйесіне халықаралық сапа стандарттарын енгізу қажеттігін атай отырып, денсаулық сақтау министрлігіне құқықтық-нормативтік базаны сәйкестендіруді тапсырды. Осыған байланысты үкімет басшысы ауылдық дәрігерлердің тиісті дайындықтан өтуі қажеттігін тілге тиек етті.
"Денсаулық сақтау саласын дамыту және жаңалау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 165 млрд. теңге бөлінді. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне осыншама қаржы ешқашан бөлініп көрген емес. Соған қарамастан, қосымша қаржыландырудың қажеттігін алға тартатындарды өз басым түсінбеймін",- деді үкімет басшысы.
Д.Ахметовтың мәлімдеуінше, "бюджет қаржысы тек дәрігерлік мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтумен шұғылданатын аймақтарға ғана бөлінетін болады". Үкімет басшысының айтуынша, аймақтардағы ахуалға талдау жасау нәтижесінде "денсаулық сақтау жүйесінің проблемасын шешумен нақты шұғылданатындар мен бұл жұмысты аяқсыз қалдырғандар" айқындалады. "Алғашқыларына биыл қанша қаржы бөлінсе, сол көлемде, тіпті одан да артық қаржы бөлінеді, ал тиісті міндетімен айналыспайтындарға қатысты мәселе басқа қырынан шешіледі",- деді үкімет басшысы.