Үкімет басшысы казначейлік жүйеде ортақ қаржыға қол сұғу әрекеттерінің әшкереленуіне байланысты мемлекеттік мекемелерге қаржылық тексерулер жүргізу туралы тапсырма берді

Оның айтуынша, мұндай тексерулер жүргізуге қаржы министрлігінің казначейлік жүйесінің есепшотынан қаржы жымқыру әрекеттері әшкереленуі түрткі болып отыр. "Мұндай проблема, менің пікірімше, бүгінде тек қаржы министрілігінде ғана орын алып отырған жоқ",- деді ол.

Сондай-ақ, Е.Досаевтың айтуына қарағанда, үкімет басшысы "ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі кемшіліктерді айқындау үшін казначейлік жүйеге жаппай техникалық сараптама өткізуге қатысты" тағы бірнеше тапсырма берген. "Біз казначейлік құрылымның өзін қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіруге тиіспіз ",- деді ол. Министрдің түсініктемесіне жүгінсек, "аумақтық басқармаларда не болып жатқанын, қай жерде қаржы жымқыру әрекеті шыққанын тиімді қадағалау үшін орталық казначейлік мекеменің өз құрылымын өзгерту қажет". Сондай-ақ, Е.Досаевтың айтуынша, "барлық тексерулерден кейін лауазымдық ауыс-түйістер туралы мәселені дәйектеу керек",- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР казначейлік мекемесінің аумақтық органдарында жүргізген тексерулер нәтижесінде Алматы облысында 77,4 млн. теңгенің, Астанада 187 млн. теңгенің бюджеттік қаржысын жымқыру дерегі әшкереленген болатын.