Даниал Ахметов қатысушылар есіне елімізде электр қуатын тұтыну мөлшері жыл өткен сайын артып келе жатқанын салып өтті: соңғы үш жылда ғана бұл көрсеткіш 20 процентке өскен. Әсіресе қыс маусымында электр қуаты жетіспейтіндіктен, республика оны Ресей мен Қырғызстаннан қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Еліміздің энергетикалық әлеуеті жоғары десек те, таяу жылдары Қазақстанда, әсіресе, елдің оңтүстік өңірінде электр энергиясының тапшылығы сезіле бастайды.
Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша, ауаға түсетін жүктемені төмендетіп, экологиялық таза энергия өндіру мөлшерін 2,5 есе арттыру үшін шағын және орташа қуатты бірнеше жүздеген су электр станциясының құрылысын салу қажет. Бұл үшін республикамызда қажетті табиғи жағдай қалыптасқан, нормативтік, техникалық, қаржылық алғышарттар мұндай құрылысты бастауға мүмкіндік береді. Алайда мұндай жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін әртүрлі сипаттағы бірқатар проблемалар баршылық.
Орны толтырылатын энергия көздерінің ресурстарын пайдаланатын электр станцияларының құрылысын салу қажеттігі туралы айта отырып, үкімет басшысы республиканың оңтүстігінде жаңа өндірістерді пайдалануға берер қарсаңда, қазіргі кезде жұмыс істемейтін станцияларға барынша назар аудару қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары бұдан он жыл бұрын басталып, түрлі себептермен тоқтап қалған Мойнақ Су Электр Станциясы мысалға алынды.
Кеңес соңында Даниал Ахметов мүдделі министрліктер мен ведомстволарға Қазақстанда су энергетикасын дамыту тұжырымдамасын үкімет қарауына ұсынуға қажетті құжаттарды бір ай мерзімде әзірлеуді тапсырды.