Үкімет басшысы президентті еліміздегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы хабардар етті

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, К.Мәсімов президентті еліміздегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы, Үкіметтің осы жылдың тоғыз айында атқарған жұмысының алдын ала қорытындылары туралы, сондай-ақ құрылыс саласындағы ахуал жөнінде хабардар етті.

Сонымен қатар, премьер-министр астық жинау науқанының барысы жөнінде әңгімелеп берді. Бүгінгі таңда егістік алқаптардың 90 пайызынан 15,5 миллион тоннадан астам астық жиналған.

"Сыртқы дағдарысты жағдайларға қарамастан, қаржы секторындағы ахуал тұрақты қалыпта сақталуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес үкіметтің қабылдаған шешімдері оң нәтиже берді. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты әрі үкіметтің толық бақылауында екендігін тағы да атап өткім келеді", - деді премьер-министр К.Мәсімов журналистерге арналған брифингте.