Үкімет басшысы Теңіздегі оқиғаның себептерін жою жөнінде жүйелі шара ұсыну үшін бірлескен комиссия құру туралы өкім шығарды

Кездесуде 20 қазанда Теңізде қазақ және түрік жұмысшылары арасында болған қақтығыстың себептерін жою жөніндегі шаралар туралы әңгіме болды.

Гай Холлингсуорт компания атынан "Теңізшевройл" компаниясы жұмыс істеп жатқан участкеде болған келеңсіз оқиға үшін кешірім өтінді. Оның айтуынша, оқиғаға себепші екеніне қарамастан, компания болған қақтығысқа байланысты кінәні өзінен алып тастай алмайды. Бұдан басқа, Гай Холлингсуорт жүргізілген тексерістер барысында Түркиядан жұмысшы таңдап алуға байланысты мердігерлер тарапынан кейбір тәртіп бұзушылық орын алғанын, сондай-ақ жұмысшыларға қатысты мердігер менеджерлерінің жұмыс сипатына сын айтты. "Шеврон Эксплорэйшн энд Продакшн" Еуразиялық бөлімшесінің президенті жағдайды түзету жөнінде қабылданған шаралар туралы тоқталып өтті. Оның ішінде - шетелден кадр тартуда, қазақстандық мамандардан басқарушы адамдарды даярлауда талап күшейтілген.

Өз кезегінде Қазақстан премьер-министрі қақтығысқа алып келген түпкі себептерді жою жөнінде жүйелі шаралар әзірлеу және қабылдау қажеттігін айтты. Үкімет басшысы шетел жұмысшысы мен жергілікті мамандардың бірдей жұмысқа едәуір айырмашылықта еңбекақы алатындығы жөнсіз екенін баса айтты. Бұдан басқа, үкімет басшысы жұмысшыларға тұрмыстық ахуалды теңдей қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.

Даниал Ахметов екі апта ішінде талдау жүргізіп, Теңіздегі оқиғаның себептерін жою жөнінде жүйелі шара ұсыну үшін бірлескен комиссия құру туралы өкім шығарды. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық тараптан комиссияға энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Ләззат Қиынов басшылық жасайды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті