Үкімет басшысы тиісті ведомстволар мен әкімдіктерге Бүкіләлемдік қысқы универсиадаға дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды

Мұндай тапсырманы Үкімет басшысы бүгін 2017 жылғы 28-ші қысқы Бүкіләлемдік универсиадаға дайындық мәселесіне арналған селекторлық режимдегі Үкімет отырысында жүктеді.

Айта кетейік, аталған универсиада 2017 жылы Қазақстанда өтеді.
«Студенттік олимпиадаға дайындық мәселесі тек Алматыға ғана емес, сонымен қатар барлық өңірлерге де қатысты. Бұл ауқымды спорттық шараға 5 жылға жуық уақыт қалды. Ал уақыт тез өтеді, 2017 жылдағы қысқы студенттік олимпиада ойындары мен ЭКСПО-17-ні өткізуге дайындықты қазірден бастау керек. Бүгінде осы спорттық шараға әзірленіп жатқан жастар, оқушылар, студенттер 100 пайыз даярлықтан өтуі тиіс»,-деп тапсырды С. Ахметов.
Осы орайда, Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне, ҚР Спорт және дене тәрбиесі жөніндегі агенттікке, барлық облыс әкімдерімен және Алматы мен Астана әкімдіктерімен бірлесе спорттық резервін даярлау бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Бүкіләлемдік универсиада бойынша баяндама жасаған министр Бақытжан Жұмағұлов студенттік олимпиада барысында «Медеу» мұз айдынын, «Шыңбұлақ» тау шаңғысы курортын, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенін, Алматыдағы Балуан шолақ атындағы Спорт сарайын және Алматы облысындағы шаңғы-биатлон стадионын пайдалану жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Мұз сарайы мен Мұз аренасы салынады. Сонымен бірге Атлетикалық ауыл бой көтермек. Осы мақсатқа Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан Алматыдағы Студенттер қалашығы пайдаланылады.