Үкімет басшысы уәкілетті мекемелерге ұшақпен қатынайтын жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстарын бір айда жүзеге асыруды тапсырды

Кеңесте Ресейдің "Сухой атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюросы" ААҚ-мен ынтымақтастыққа, соның ішінде Қазақстанның аймақтық сипаттағы ұшақтар жасау жобасына қатысуына байланысты мәселелер сарапқа салынды.

Азаматтық авиация саласындағы ахуалға қатысты пікір алмасу барысында үкімет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын мынадай мәселеге аударды: жолаушылар арасында үлкен сұранысқа ие бағыттар жанға жайлылық және жылдамдық тұрғысынан ұдайы талапқа сай келе бермейді.
"Эйр Астана" ЖАҚ-ның жетекшісі Ллойд Пакстон өз кезегінде үкімет басшысына компанияның жуық арада жаңадан жеті бірдей Боинг-757 ұшағын сатып алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл Астана мен Алматы арасындағы рейстер санын тәулігіне 6-8-ге дейін арттырып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деді ол.