Сапар барысында ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов, қаржы министрі Арман Дунаев, "Қазақстан даму банкі" ЖАҚ басқармаларының төрағасы Қамбар Шалғымбаевтар үкімет басшысымен бірге жүреді.
Жұмыс сапарын Меңдіқара ауданынан бастайтын үкімет басшысы, Архиповка кентіндегі асыл тұқымды мал фермасы - "Заря" АҚ-да болып, кешеннің жұмысымен танысады және облыс пен ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездеседі. Қостанайда үкімет басшысы қаладағы басты құрылыс алаңдары - аквапарк пен 102 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысады. Сондай-ақ, инновациялық жобалармен айналысып отырған кәсіпорындарды - "Әйгерім" тұсқағаз зауыты мен "Агромашхолдинг" ААҚ -ның "АМЗ"-"MAN" маркалы жаңартылған дизельдік қозғалтқыштарды сериялы түрде өндіретін еншілес кәсіпорнында болады.
Бұдан кейін үкімет басшысы Қостанай облысындағы индустриялық-инновациялық даму және тұрғын үй құрылысы мәселелеріне арналған кеңес өткізеді.
Үкімет басшысы баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында Қостанай облысындағы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемінің индексі 105,6 процентті құрап, 114,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 155,7 процентті құрайды. Тау-кен өндірісіндегі өнім мөлшері 1,8 есе өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өнім мөлшері 131 процентті құрады. Биылғы жылдың 9 айында өнеркәсіп саласында 1460 жаңа жұмыс орны құрылды. Қостанай облысында биыл 2,6 млн. тонна бидай жиналды, орташа шығымдылық бір гектардан 8,5 центнерге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылғы деңгейден 44,8 процентке артып, 29,4 млрд. теңгені құрады. Негізгі инвестиция көзі ретінде кәсіпорындардың жеке қаржысы пайдаланылды.
Сыртқы сауда айналымы биылғы жылдың 9 айында 728,9 млн. доллар болды, бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 65,7 процентке артық. Соның ішінде экспорт - $432 млн. (өсім 74,5%), импорт - $296,9 млн. (өсім 54,3%) құрады. Сауда балансының оң сальдосы 135,1 млн. долларды құрады. 2004-жылдың 1-қарашасындағы жағдаймен Қостанай облысындағы барлық салық және төлем түрлері бойынша 2 млрд. теңге жиналмай қалды. Бұл өткен жылғы осы мерзімдегі деңгейден 1,2 есе төмен. 1-қараша күнгі жағдаймен ресми жұмыссыздық деңгейі 1,9 процентті, кедейлік деңгейі 3,2 процентті құрады.