Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барады

Д.Ахметов сапарын Семейден бастайды. Мұнда үкімет басшысы қаланы жылумен қамтамасыз етуші нысандардың жұмысымен танысу үшін 1-Жылу электр орталығы мен екі қазандықта болмақ. Бұдан кейін Әуезов ауылына жол тартатын премьер-министр "Бақыршық кен байыту кәсіпорны" ЖШС-ін аралайды. Бұл жерде үкімет басшысы Бақыршықтан шығатын сульфидті кеннен күйдіру жолымен металлды бөліп алуға негізделген өндіріс жұмысымен танысады.

Ал кешке қарай Өскеменге келетін үкімет басшысы мұнда "Алтын аймақ" ЖАҚ-ның алтынды кенді бактериялардың көмегімен шаймалау әдісімен өңдеу технологиясымен танысады.
26-ақпанда Д.Ахметов облыс жұртшылығының жиналысына қатысып, облыс әкімі Виктор Храпуновтың облыс атқамінерлері алдындағы есеп беру баяндамасын тыңдайды.
Сенбі күні үкімет басшысы Астанаға оралады.